Қазақстанда 7 жасөспірім «жарылғыш заттар» туралы жалған қоңырау шалғаны үшін жазаланды
Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері терроризм актілері туралы жалған хабарлама беріп, қоңырау шалғаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың жетеуі 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер, деп хабарлайды BAQ.KZ ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны және басқа да қауіп-қатерлер туралы жалған хабарламалар тарату - ауыр салдарға әкеп соғатын әрекет. Мұндай хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көп жағдайда осындай әрекетке өз ісін жай ғана қалжың немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер барады. Интернетте бұл "сваттинг" деп аталады. Бұл кезде хабарламада көрсетілген нысан, яғни мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер эвакуацияланады, - дейді ІІМ баспасөз қызметі.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдері жіберіледі.
Жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, ресурстар мен қомақты қаражат жұмсалады. ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі. Ойланбай жасалған әрекет қылмыстық жазаға ғана емес, отбасы үшін елеулі қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін, - делінген хабарламада.
ІІМ ата-аналарға балалардың интернетте немен айналысатынын, кімдермен араласатынын және өз әрекеттерінің салдарын түсіне ме, жоқ па - осының бәрін бақылау маңызды екенін ескертеді.
Полиция азаматтарды қауіп-қатер туралы тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ал осындай хабарламалар алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкен-Астана бағытындағы ұшақта «сөмкемде бомба бар» деген жолаушы ұсталды.
Сондай-ақ, ұшақта бомба туралы әзіл айтқан зейнеткер Алматы-Ақтау рейсінен түсіріліп, жауапқа тартылды.
Тағы оқи отырыңыз:
Астана ғимаратына «бомба қойылды» деп хабарлаған жасөспірім Украинада ұсталды
Павлодарда алаяқтар торттың ішіне жарылғыш зат салып, зейнеткерлерге берген
Бомба іздеу: Ақтаудағы ірі сауда орталығы қоршауға алынды