Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге салынатын айыппұл өседі
Айыппұлдар 2,5 есеге дейін өсіп, жануар тастағандарға да жаза енгізіледі.
Экология және табиғи ресурстар министрінің бірінші орынбасары Нұркен Шәрбиев жануарларды ұстау мен серуендету талаптарына қатысты жауапкершілікті күшейту жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін сенаторлар жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға өз түзетулерін енгізіп, оны Мәжіліске жолдаған болатын. Құжатта жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту ұсынылған. Журналистер айыппұлдарды арттыру қарастырылған-қарастырылмағанын нақтылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 407-1-бап – "Жануарларға қатыгездік көрсету" қарастырылған. Егер бұл әрекетте қылмыстық құрам болмаса, жеке тұлғалар үшін айыппұл 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғалар үшін 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға – 20-дан 50 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғаларға – 40-тан 100 АЕК-ке дейін өседі. Яғни барлық жағдайда айыппұлдар шамамен 2,5 есе артады, – деді Нұркен Шәрбиев Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Жануарларды аулау, панажайларда ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін де айыппұлдарды ұлғайту ұсынылған. Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін 10-нан 15 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғалар үшін 20-дан 30 АЕК-ке дейін, ал заңды тұлғалар үшін 30-дан 40 АЕК-ке дейін көбейтіледі. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға 20-дан 30 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғаларға 30-дан 60 АЕК-ке дейін, заңды тұлғаларға 40-тан 80 АЕК-ке дейін өседі.
Сонымен қатар Мәжілісте аңшылық саласы мен жануарлар дүниесіне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Онда жануарды панажайға тапсырмай, тастап кеткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады. Яғни біреу жануарды далаға тастап кетсе, жеке тұлғаларға 30 АЕК, қайталанса – 60 АЕК айыппұл салынады. Лауазымды тұлғаларға – 50 АЕК, қайталанса – 100 АЕК, заңды тұлғаларға – 100 АЕК, қайталанса – 200 АЕК. Сондай-ақ жануарды ұстау және серуендету талаптарын бұзып, соның салдарынан азаматтардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірілген жағдайда да жауапкершілік енгізіледі. Бұрын мұндай норма болмаған. Енді жеке тұлғаларға бірінші рет – 100 АЕК, қайталанса – 150 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 150 және 200 АЕК, заңды тұлғаларға – 200 және 400 АЕК айыппұл қарастырылған. Осындай шаралар қараусыз жүрген жануарлар санын азайту үшін енгізіліп отыр, – деді спикер.
Еске салайық, бұған дейін Сенатта қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібін мәслихаттар айқындайтыны айтылды.