Қазақстанда жаңа ордендер пайда болады: Сенат заңды мақұлдады
«Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» және «Мейірім» ордендерін табыстау тәртібіне өзгерістер енгізілді.
Cенаторлар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кететін жайт, кеше Мәжіліс отырысында бұл заң қабылданған болатын. Соған сәйкес, «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» және «Мейірім» ордендерін тағайындау және марапаттау тәртібіне өзгерістер енгізілді.
Заң Президент тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Бұл бастаманың басты мақсаты – мемлекеттік наградалар жүйесін қоғамдағы қазіргі сұранысқа, ұлттық құндылықтарға және елдің ұзақ мерзімге арналған даму бағытына сай жаңарту.
Заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – ордендер қатарының жаңа мазмұндағы наградалармен толықтырылуы. Атап айтқанда, «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» және «Мейірім» ордендерін енгізу ұсынылып отыр.
Соның ішінде «Al-Farabi» ордені білім мен ғылымға, мәдениет пен рухани салаға айрықша үлес қосқан азаматтарға табысталмақ. Бұл марапат – ғылымға, ағартушылыққа, зияткерлік еңбекке және мәдени дамуға мемлекет тарапынан берілетін жоғары құрметтің белгісі.
Сонымен бірге заңда ерекше жағдайларда айрықша көзге түскені үшін Мемлекет басшысының шешімімен наградтауды белгіленген мерзімдерді ескермей жүргізу мүмкіндігі көзделген. Бұл норма мемлекеттік наградалар жүйесінің икемділігін арттырып, ерекше еңбекті дер кезінде бағалауға жол ашады.
Ал «Мейірім» ордені қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігімен ерекшеленген, қайырымдылықпен айналысып, меценаттық және филантропиялық бағыттағы игі істерге елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған.
Бұдан бөлек, бірқатар баптарға редакциялық нақтылаулар енгізіліп, қолданыстағы құқықтық олқылықтар жойылады. Заң мүдделі мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының ұсыныстары және құқық қолдану тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген, - деп атап өтті сенатор Айгүл Қапбарова.
Сенаторлар заң жобасын бір ауыздан қолдады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда марапаттар жүйесі қайта реттелетіні хабарланды.