Қазақстанда жаңа өндірісті қолдау тәртібі өзгереді: Нағаспаев төрт басымдықты атады
Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде нарықтағы сұраныс пен өңірлердің ерекшелігі ескеріледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындардың отандық жеткізушілермен жұмыс істеуіне қойылатын талаптар күшейтіліп, арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке және шетелдік компаниялар тартылуы мүмкін. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр отандық өндірісті одан әрі дамытуға бағытталған төрт негізгі басымдықты атады.
Бірінші бағыт – отандық құрылыс материалдарын өндіруді дамыту. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілікке талдау жүргізіліп, жаңа өндіріс бағыттары айқындалады, - деді ол.
Екінші бағыт – өндірістік қуаттарды теңгерімді дамыту. Бұл ретте жаңа өндірістерді ашу кезінде нарықтағы сұраныс, әр өңір мен саланың ерекшелігі ескеріледі.
Осы мақсатта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігін енгізген. Қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданып, бағалау әдістемесі бекітілген. Оның нәтижелері жаңа жобаларды мемлекеттік қолдау және инвестиция тарту туралы шешім қабылдауда ескерілетін болады.
Үшінші бағыт – ірі кәсіпорындардың айналасында жеткізушілер экожүйесін қалыптастыру.
Ол үшін реттелетін сатып алулар аясында тапсырыс берушілерге отандық өнімді сатып алу бойынша қойылатын талаптарды күшейту және оларды орындамағаны үшін жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр, - деп түсіндірді Нағаспаев отырыста.
Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес арасындағы өндірістік кооперацияны нығайту үшін өнеркәсіп кластерлерін дамытудың жаңа моделі әзірленуде.
Төртінші бағыт – арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру. Жаңа модель аясында оларды басқару тәсілдері қайта қаралып, жеке немесе шетелдік басқарушы компанияларды тарту көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге қойылатын артық талаптарды азайту үшін «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат» қағидатын енгізу ұсынылады.
Министрдің айтуынша, бұл басқару жүйесін икемді етіп, инвесторлар тартуға және арнайы экономикалық аймақтарда жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан өндірісті дамытуға 1,3 млрд доллар тартпақ.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісі екі есе артады: Нағаспаев бес жылдық жоспарды таныстырды