15 Қыркүйек 2026, 11:17 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда цифрлық активтерден түскен табысты салықтан босату ұсынылды

Қазақстанда 2026-2028 жылдары қазақстандық провайдерлер арқылы жасалған цифрлық активтер операциялары бойынша жеке тұлғалардың кірісін жеке табыс салығынан босату көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банк басшысы бұл шараны цифрлық активтер секторын дамытуға арналған арнайы салық режимін құру аясында атады. Оның айтуынша, нарықтың әлеуетін ашу үшін бәсекеге қабілетті салықтық жағдай қалыптастыру қажет.

Дәстүрлі қаржы нарығы мен цифрлық активтер нарығына бірыңғай салықтық тәсіл қажет. Бұл операциялар мен капиталды реттелетін ортаға қайтаруға, ішкі нарықты дамытуға және халықаралық қатысушыларды тартуға жағдай жасайды, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның мәліметінше, Қазақстанда криптофиаттық сервистер кеңейіп, операцияларға қызмет көрсетуге банктік емес төлем провайдерлері қосылып жатыр. Қазір криптокарта, крипто-QR және криптоэквайринг жұмыс істеп тұр.

Сүлейменов секторды дамытудағы келесі ауқымды қадам ретінде Президенттің 7 шілдедегі Жарлығын атады. Құжат цифрлық активтердің толыққанды индустриясын қалыптастыруды, операцияларды елдің реттелетін экожүйесіне көшіруді ынталандыруды және экономиканы токендеуді іске қосуды көздейді. Сондай-ақ нақты секторды қаржыландыру көздерін әртараптандыру, есеп айырысудың жаңа құралдарын енгізу, инвесторлардың құқықтарын қорғау, заңсыз айналым мен капиталды әкетуге қарсы іс-қимыл міндеттері айқындалған.

Практикалық шаралардың бірі – лицензияланған провайдерлердің функцияларын кеңейту. Нарықта цифрлық активтерді шығаратын, сататын, айырбастайтын, сақтайтын және есеп айырысуды жүргізетін толық циклді компаниялар пайда болуға тиіс. Бұл операцияларға банктерді, брокерлерді және басқа да қаржы ұйымдарын кеңінен тарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде, экспорттық-импорттық операцияларда және трансшекаралық аударымдарда пайдалану көзделеді. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл есеп айырысуды жеделдетіп, бизнестің шығындарын азайтады.

Өзге шаралардың қатарында орталықтандырылмаған қаржыны – DeFi саласын реттеу тәсілдерін әзірлеу және цифрлық майнингті дамыту бар. Майнинг үшін жалпы энергия жүйесіне қосымша жүктеме түсірмейтін пайдаланылмайтын, автономды және жаңартылған энергия көздерін пайдалану ұсынылады.

Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру да көзделген. Ол саясатты әзірлеу, лицензиялау, қадағалау, талдау және инновациялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын біріктіреді.

Сүлейменов Alatau City жобаларына да тоқталды. Қала үшін Tokenization by Default тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Оның аясында цифрлық құралдарды қала инфрақұрылымы мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға пайдалану жоспарланған.

Осы жылдың соңына дейін Iconic Tower кешенін 50 млн АҚШ долларына дейінгі сомаға токендеу жоспарланып отыр. Тағы бір жоба – құны 10 млн АҚШ долларына дейінгі Birlik логистикалық орталығы. Екі жоба да KASE инфрақұрылымы арқылы іске асырылады, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Келесі бағыт – жалпыұлттық режимнің, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Alatau City мүмкіндіктерін біріктіретін ортақ елдік нарық құру.

Дәл осы модель аясында Binance өңірлік қаржы-есеп айырысу хабы пысықталып жатыр. Жоба қазақстандық заңды тұлға құруды және бірінші санаттағы төлем ұйымының лицензиясын алуды көздейді. Хаб ТМД, Шығыс Еуропа және Азия елдеріндегі клиенттерге қызмет көрсете алады, – деді Сүлейменов.

Бұдан бөлек, қадағалауға арналған SupTech платформасы негізінде Ұлттық криптоаналитика орталығы құрылып жатыр. Ол операциялардың фиаттық және криптовалюталық бөліктерін, клиенттерді, әмияндар мен транзакцияларды талдайды. Орталық Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграцияланады. Тексеру құралдары банктерге, құқық қорғау органдарына және лицензияланған провайдерлерге қолжетімді болады.

Ұлттық банк төрағасы банктердің шектеулерді қолдану тәртібіне де назар аударды.

Жеке клиенттің немесе операцияның тәуекелі лицензияланған провайдердің барлық шоттарын бұғаттауға әкелмеуі керек. Шектеулер тек нақты тәуекелге қатысты қолданылуға тиіс, – деді ол.

Бұл үшін банктерге Ұлттық криптоаналитика орталығының құралдарына қол жеткізу қажет. Ал Қаржылық мониторинг агенттігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірге тәуекелге бағдарланған қаржылық мониторингтің нақты әрі бірыңғай қағидаларын белгілеуге тиіс.

Сүлейменовтің сөзінше, токендеу сапалы активтер мен ірі шығарылымдар жеткілікті болғанда ғана нақты экономикалық нәтиже береді. Сондықтан салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай активтердің тізімін қалыптастыру қажет.

Оған мемлекеттік бағалы қағаздар, мемлекеттік борыш құралдары мен корпоративтік облигациялар кіруі керек. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік, инфрақұрылымдық жобалар және кен орындары сияқты нақты активтердің тізбесін кеңейту ұсынылды.

Қаржы министрлігіне, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» қорларына, KASE мен Орталық депозитарийге алғашқы ірі шығарылымдарды дайындау қажет деп санаймыз. Тек осы жағдайда токендеу капитал тартудың жаңа арнасына айналады, – деді Ұлттық банк басшысы.

Ол жалпыұлттық режимді, АХҚО мен Alatau City-ді бірыңғай экожүйенің бірін-бірі толықтыратын элементтері ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Осыған байланысты Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, АХҚО мен Alatau City арасында Бас келісім жасасуды жеделдету ұсынылды. Құжат бірлескен жобаларды іске асыру, ақпарат алмасу, цифрлық активтер мен провайдерлерді өзара тану және қадағалауды үйлестіру тетіктерін қамтуға тиіс.

Жарлықты іске асыру үшін Ұлттық банк мемлекеттік органдармен бірге Бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Онда негізгі шаралар, жауапты орындаушылар мен нақты мерзімдер белгіленген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда цифрлық активтер саласында 34 жоба іске асырылып жатыр.