Бүгiн 2026, 11:02 Фото: Ақорда

Қазақстанда цифрландырудың 20 жол картасы бекітілді

Қазақстанда AI-First тәсілі енгізілуде.

Қазақстанда AI-First тәсілінің енгізілуіне байланысты салалардың цифрлық трансформациясына арналған ондаған карта бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Бұл қандай карталар

Елде экономиканың түрлі саласына технологияларды енгізуді жеделдетуге арналған цифрлық трансформация карталары іске қосылды.

Қазіргі таңда осындай 20 карта бекітіліп, олар 72 саланы қамтып отыр.

Әр картада жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізудің нақты жоспары, сондай-ақ 2027 жылға дейінгі көрсеткіштері (KPI) белгіленген.

Барлық үдерістің негізіне AI-First қағидаты алынған. Яғни, қандай да бір шешім әзірленгенде, ең алдымен жасанды интеллектті қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Барлық мемлекеттік органдарға ортақ тәсіл

Министрдің айтуынша, бүгінде баршаға ортақ бірыңғай архитектура қолданылады. Ол «Электрондық үкімет» порталында орналастырылған және барлық мемлекеттік органға қолжетімді.

Үдерістерді жобалау кезінде жасанды интеллектке басымдық беруді көздейтін AI-First қағидатына негізделген бірыңғай архитектуралық тәсіл енгізілді. Бұл тәсіл «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында жарияланған және баршаға қолжетімді. Айта кетейін, бекітілген карталар барлық орталық мемлекеттік органдар үшін міндетті, – деді Жаслан Мәдиев.

Бұл нені білдіреді

AI-First қағидатын енгізу цифрландыру қарқынын жеделдетіп, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және экономиканың негізгі салаларына заманауи технологияларды кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтарға түрлі салада 50 жасанды интеллект агенті көмектесетіні хабарланды.