3 Тамыз 2026, 12:56 Фото: gov.kz

Қазақстанда сайлаушыларға арналған онлайн-сервистер іске қосылады

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы сервистердің көмегімен учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың тіркелген мекенжайын тексере алады. Бұл оны сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажет. Ол үшін азамат тиісті өтінішпен жүгінуі тиіс.

Екінші сервис тіркеуі жоқ азаматтарға сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға мүмкіндік береді. Аталған екі сервис те қазақстандықтардың сайлау құқығын іске асыруына жәрдемдесуге бағытталған.

eGov порталы арқылы сервиске қол жеткізу құқығы берілген учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың жазбаша өтініші негізінде оның тұрақты тіркелген мекенжайы туралы мәлімет ала алады. Егер өтініш берушінің тұрақты тіркелген тұрғылықты жері тиісті сайлау учаскесінің шекарасы аумағында екені расталса, комиссия оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Бұл сервис 5106 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған және бұрын сайлаушылар тізіміне енгізілмеген азаматтардың сайлау құқығын іске асыру мақсатында дауыс беру күні оларды сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша уақытша тіркеуге жол беріледі, – дейді Мұхтар Ерман.

Отырыста азаматтарды бірнеше рет тіркеуге жол бермеу және бақылау тетіктеріне де ерекше назар аударылды.

Еске салайық, бұл жобаларды Орталық сайлау комиссиясы, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда 10 400-ден астам сайлау учаскесі жұмысын бастады. 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушы дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексере алады.

Тағы оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: Қай өңірде сайлаушы көп, қай өңірде аз? 

Сайлау күні басқа қалада болсаңыз, қалай дауыс бере аласыз?