Қазақстанда қызыл қасқыр мен қар барысы жойылып кетуі мүмкін

Қазақстанда омыртқалы жануарлардың шамамен 835 түрі мекендейді, олардың ішінде 227 түрі сирек кездесетіндер қатарына жатады және жойылып кету қаупінде тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында депутат Арман Өтеғұлов мәлімдеді.

Айтуынша, әсіресе қызыл қасқыр, жейран және қар барысының популяциясы ерекше қауіп астында, себебі олардың саны тұрақсыз әрі азаюын жалғастырып келеді.

Бүгінде елімізде 835-ке жуық омыртқалы жануар түрі бар. Соның ішінде 227 түрі сирек кездесетіндер тізіміне енгізілген және жойылып кету қаупі төніп тұр, – деді Арман Өтеғұлов.

Депутаттың мәлімдеуінше, қызыл қасқыр, жайран, қар барысы, қарақал, сілеусін, құм мысығы, сондай-ақ бірқатар құс пен балық түрлерінің популяциясы тұрақсыз жағдайда. Жағдайды браконьерлік, өрт, жайылымдардың тозуы және ормандардың кесілуі күрделендіріп отыр.

Егер кешенді шаралар қабылданбаса, Қазақстан бірегей жануарлар түрлерінен айырылу қаупінде. Бұл экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп, адамдардың өмір сапасына тікелей әсер етеді, – деп атап өтті депутат.

Ол бақылау жүйесін цифрландыруды, ғылыми зерттеулерді күшейтуді, табиғи ортаны қалпына келтіру бағдарламаларын кеңейтуді және экотуризмді дамытуды ұсынды. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты арттыру және заңнамалық базаны жаңарту қажеттігін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін әлемде киік популяциясының 99%-ы Қазақстанда мекендейтінін жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: facebook.com/centrturizmaastana
Өзгелердің жаңалығы