Қазақстанда онкоскринингпен қамту көрсеткіші 41,7%-ға дейін өсті
Қазақстанда обырды ерте диагностикалау кеңейтілуде. Онкоскрингтермен қамту 41,7%-ға, ПЭТ/КТ зерттеулерінің көлемі 21,6%-ға артты.
Елімізде онкологиялық көмекті дамыту шеңберінде дәлдігі жоғары диагностиканың мүмкіндіктері кеңейтілуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 17,4 мың ПЭТ/КТ зерттеуі жүргізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға көп.
Иммуногистохимиялық зерттеулердің саны да айтарлықтай артты. 2024 жылғы 33,6 мыңнан 2025 жылы 65,1 мыңға дейін өсті. Бұл зерттеулер ісіктің ерекшеліктерін анықтауға және емдеудің неғұрлым дәл тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.
Ісіктері бар пациенттер сәулелік терапияның заманауи түрлерімен қамтамасыз етілуде. Бұл емдеу түрімен қамту 65%-ға дейін кеңейді. Қазақстанда Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы іске қосылғаннан кейін алғаш рет протондық терапия қолжетімді болды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 897 протондық терапия емшарасы және 9 239 сәулелік терапия сеансы жүргізілді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында халықты онкологиялық скринингтермен қамту көрсеткіші 37,6%-дан 41,7%-ға дейін өсті.
2025 жылы өңірлердің басым бөлігіндегі онкология орталықтары жалпы сомасы 27 млрд теңгеден астам заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
2026 жылдың соңына дейін онкологиялық қызметтің инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарлануда. Оның ішінде дәлдігі жоғары диагностика бойынша алғашқы референс-орталықтарды, Қарағанды облысында жаңа ПЭТ/КТ орталығын іске қосу және өңірлік медициналық ұйымдарды қосымша жарақтандыру көзделген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, негізгі міндет – ауруды ерте анықтаудан бастап нақты диагноз қоюға және уақтылы заманауи ем жүргізуге дейінгі пациенттің жолын қысқарту, медициналық технологиялардың тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Айта кетейік, онкологиялық көмекті дамыту Онкологиялық аурулармен күрестің 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарының шеңберінде жүзеге асырылуда.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы онкологиямен күресте өлім-жітім 26%-ға төмендеп, бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65%-ға жеткені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстанда ана өлімі 17,5%-ға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім 20,9%-ға төмендеді
Қазақстанда онкологиялық ауруларды анықтаудың жаңа әдістері енгізіледі
Ата-аналар назарына: 17 жасқа дейінгі қыздарға АПВ екпесі тегін салынады