Бүгiн 2026, 12:10 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қазақстанда мұғалімдерге ұнайтын өзгеріс болады

Мәжілісте мұғалімдердің есеп тапсыруына қатысты да норма таныстырылды.

Енді мұғалімдер есепті тек бір рет қана тапсырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Тағы бір мәселе – есептіліктің қайталануы. Бұл бір жағынан қарағанда кішігірім мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ депутаттарға, партиямызға мұғалімдер осы мәселемен жиі жүгінеді. Ұстаздар көбінесе бір есепті екі рет тапсыруға мәжбүр. Электронды түрде ақпараттық жүйеге жүктейді және оны тағы қағазға шығарып жеке тапсырады. Есеп жүйеде бар, жүктелген, тексерілген. Оның екінші нұсқасын талап етудің қандай қажеттілігі бар? Ешкім мардымды жауап бере алмайды. Бұл жай ғана қалыптасып қалған әдет, - деді Аймағамбетов.

Депутат бұл мұғалімнің уақытын алатынын айтты. Енді осы мәселеге тосқауыл болатын заңға арнайы норма енгізілмек.

Есепті енді бір мезгілде екі форматта қайталауға жол берілмейді. Егер электронды формат болса, қағаз міндетті болмайды және керісінше, - деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, бұған дейін Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов ұстаздар мәселесін көтерді.

Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов болашағы жоқ мамандықтарға миллиондар жұмсалып жатқанын айтқан еді.

Депутат Аймағамбетов білім жүйесін қайта қарауды ұсынды.