Қазақстанда мектеп тапшылығы төрт есе қысқарды: 7 жылда қандай жұмыстар атқарылды?
Жаңа мектептер салынды, оқушыларға тегін тамақ беріле бастады. Бұл нәтижеге қандай жобалар арқылы қол жеткізілді?
Қазақстанда соңғы жеті жылда білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2019 жылдан бері елде 1 342-ден астам жаңа мектеп салынып, 1,1 миллион оқушы орны ашылды. Сонымен қатар 1,7 миллионнан астам баланы тегін ыстық тамақпен қамту көзделген бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы білім беру саласындағы жетістіктерге арналған ақпаратта айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мектеп тапшылығы төрт есе азайды
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында соңғы жеті жылда Қазақстанда оқушыларға арналған орын санын арттыру, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау бағытында бірқатар жоба іске асырылды.
2019 жылдан бастап елде 1,1 миллион оқушы орнына арналған 1 342-ден астам мектеп салынды. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны төрт есе, апатты мектептер саны екі есе, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есе қысқарды.
Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы.
Жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның ішінде 84 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан.
Жаңа мектептердің ашылуы инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге де мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 54 үш ауысымды және 14 апатты мектептің мәселесі толық шешіліп, 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы азайды.
Осылайша, қала мен ауыл балаларының білім алу жағдайындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты қысқартуға жағдай жасалды.
2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Қорға сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғалардан тәркіленген қаражат түседі.
Қор есебінен 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Қазіргі уақытта оның 83-і пайдалануға берілген. Қалған жеті нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Қаражат ең алдымен оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды оқу және апатты ғимараттар мәселесі өзекті өңірлерге бағытталады. Осы тетік аясында жаңа мектептер салынып, қолданыстағы білім беру нысандары қайта жаңғыртылып, оларға қосымша ғимараттар тұрғызылып жатыр.
Мектеп құрылысы ұлттық жоба мен Қордың аясымен ғана шектелмейді. Бұл бағытта республикалық және жергілікті бюджеттермен қатар, жеке инвестиция тарту тетіктері де қолданылады.
Жалпы, соңғы жеті жылда мектеп инфрақұрылымын дамыту тәсілі жекелеген нысандарды салудан білім беру желісін жүйелі жоспарлауға қарай өзгерді. Қазір жаңа мектептердің құрылысы демографиялық жағдайды, оқушылар санын болжауды, орын тапшылығын, қолданыстағы ғимараттардың жай-күйін және нақты елді мекендердің қажеттіліктерін ескере отырып жүргізіледі.
1,7 миллионнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылды
Мектептегі дұрыс тамақтануды ұйымдастыру да білім беру саласындағы стратегиялық басымдықтардың бірі саналады. Бұл балалардың денсаулығына, дамуына және оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді.
Гарвард университеті, ЮНИСЕФ және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, теңгерімді тамақтану баланың танымдық қабілеттерін дамытуға, зейінін шоғырландыруға, иммунитетін нығайтуға және өмір бойы сақталатын дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осыған байланысты мектептегі тамақтану тек қауіпсіз ғана емес, сапалы, құнарлы әрі әртүрлі болуы маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы және ведомствоаралық үйлестіру нәтижесінде 2023 жылдан бастап тегін мектеп тамағымен 1,4 миллионнан астам бала қамтылды. Олардың қатарында бастауыш сыныптың барлық оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 230 мың бала бар.
Мектептегі тамақтану бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекет жыл сайын 210 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі.
Қазір тамақтану процесін бақылау үшін әлеуметтік әмиян мен ваучерлік жүйе арқылы цифрлық мониторинг автоматтандырылған. Ал шағын жинақты мектептерде кейтеринг жүйесі мен модульдік асханалар енгізілді.
Сонымен қатар тамақ жеткізушілермен 45 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Мектептегі тамақ сапасын бақылау бракераж комиссиялары мен ведомствоаралық сараптамалық топтар арқылы күшейтілді.
Осылайша, мектептегі тегін тамақтандыру бағдарламасы балалардың денсаулығын нығайтуға, сапалы білім алуына және дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың біріне айналды.
Жалпы, соңғы жеті жылда Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, мектептердегі орын тапшылығын азайту және оқушыларды әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Жаңа мектептердің салынуы мен тегін тамақтандыру бағдарламасының жүзеге асуы балалардың білім алуына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанның халықаралық резервтері жеті жылда 45,4%-ға өсті
Жеті жылдағы нәтиже: «Заң мен тәртіп» Қазақстанды қалай өзгертті?