Кремацияға келісім бар, бірақ нақты тәртіп әлі пысықталуда: Қазақстандағы пилоттық жоба нені көрсетті?
Жақында қазақстандықтар кремацияға қатысты өз еркін eGov арқылы алдын ала тіркей алатыны белгілі болды. Яғни азамат көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейін денесін кремациялауға келісетінін электронды түрде көрсете алады.
Осы ақпараттан кейін BAQ.KZ тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады. Бізді ең алдымен жаңа мүмкіндікке қазақстандықтардың қызығушылығы қаншалықты екені қызықтырды. Нақтырақ айтқанда, сервис іске қосылғалы бері қанша адам кремацияға келісім бергенін, қанша өтініш түскенін және олардың қаншасы кейін өз шешімінен бас тартқанын білмек болдық.
Қанша адам кремацияға келісім берді?
Комитет тіркелген өтініштердің, келісімдердің және кейін кері қайтарылған өтініштердің санын жарияламады. Ведомство мұны жобаның апробация кезеңінде болуымен түсіндірді.
Яғни қазір мемлекет азаматтарға таңдау жасау мүмкіндігін техникалық тұрғыда ұсынып отыр, бірақ бұл сервисті халықтың қаншалықты пайдаланып жатқаны туралы ашық статистика әзірге берілмейді, - дейді жауапты орган.
Комитет қазіргі көрсеткіштерді түпкілікті статистика немесе қалыптасқан тәжірибе ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті.
Бұдан бөлек, цифрлық жүйедегі келісім мен нақты жасалған кремацияның арасын ажырату қажет.
Ақпараттық жүйе адамның кремацияға келісім бергенін немесе бұл келісімін кейін кері қайтарып алғанын ғана тіркейді. Ал нақты қанша адамның денесі кремацияланғанын бұл жүйеден анықтау мүмкін емес.
Келісім берсеңіз де, кремация жасалмауы мүмкін
Пилоттық жобадағы маңызды мәселенің бірі – азаматтың көзі тірісінде берген келісімі кремацияға автоматты түрде негіз болмайды.
Комитеттің жауабына сәйкес, қайтыс болу жағдайы мен заңнамадағы шектеулер міндетті түрде ескеріледі.
Мәселен, адам зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болса, оның кремацияға қатысты тіркелген өлім алдындағы ерік білдіруі болған күннің өзінде денесін кремациялауға жол берілмейді, - дейді комитет.
Яғни азаматтың таңдауы ескеріледі, бірақ қайтыс болу мән-жайы мен заң талаптары бірінші кезекте назарға алынады.
Бұл норма кремацияға алдын ала келісім берудің құқықтық тұрғыдан абсолютті шешім емес екенін көрсетеді.
Ерік білдіруді тіркеу тегін
Комитеттің мәліметінше, кремацияға қатысты өлім алдындағы ерік білдіруді «Цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы тегін тіркеуге болады.
Ал кремацияның өзіне қанша қаражат қажет екені әзірге нақты емес. Себебі комитеттің қолындағы материалдарда бұл қызметтің бекітілген тарифі де, оған қоса көрсетілетін ритуалдық қызметтердің бағасы да көрсетілмеген.
Сондықтан ведомство кремацияның нақты құнын атай алмайтынын хабарлады.
Бір кремацияға шамамен бір сағат есептеледі
Крематорийлерге қойылатын санитариялық талаптар Қазақстанда бұрыннан бар.
Олар Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 19 тамыздағы № ҚР ДСМ-81 бұйрығымен бекітілген «Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» қағидаларында көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, крематорий құрамында қайтыс болған адамдарды қабылдайтын бөлме, тоңазытқыш камерасы, кремацияға дейін сақтау үй-жайы, кремация залы, кремациядан кейінгі қалдықтарды өңдеу бөлмесі, күлі бар урналарды сақтау орны және газ тазарту үй-жайы болуы керек.
Крематорийдің барлық бөлмесі механикалық сору-сыртқа шығару желдеткішімен жабдықталуы тиіс. Ауаны қайта айналдыруға рұқсат берілмейді.
Ал кремациялық пештердің саны жерлеу рәсімдерінің саны мен халықтың өлім-жітім көрсеткіштеріне қарай есептеледі, - делінген жауапта.
Сондай-ақ санитариялық қағидада крематорийдің өткізу қабілеті орта есеппен бір кремацияға бір сағат есебінен айқындалатыны жазылған.
Алайда комитет бұл көрсеткіштің нақты жасалған кремациялар санын білдірмейтінін арнайы атап өтті. Нақты өнімділік пештердің санына, техникалық сипаттамаларына және жұмыс режиміне байланысты.
Күл қайда жерленеді?
Кремациядан кейінгі күл де санитариялық талаптарға сәйкес орналастырылуы керек.
Қолданыстағы қағида бойынша күл урнаға салынып, колумбарийде немесе қабірде жерленеді.
Колумбарийлер мен күлі бар урналарды орналастыруға арналған еске алу қабырғалары арнайы бөлінген жер учаскелерінде орналасады. Санитариялық талаптар сақталған жағдайда оларды зират аумағынан тыс жерде орналастыруға да болады.
Ал күлді басқа тәсілмен орналастыру мәселесі санитариялық қағидалармен толық реттелмейді, - делінген жауапта.
Комитет мұндай жағдайларда жерлеу тәртібі мен жерлеу ісін ұйымдастыру саласындағы өзге де заң талаптары ескерілуі керек екенін мәлімдеді.
Жаңа крематорийлер қай өңірлерде салынады?
BAQ.KZ сауалында елдің басқа өңірлерінде жаңа крематорийлер салу жоспары да сұралған еді. Алайда бұл сұраққа да нақты жауап берілген жоқ.
Комитеттің қарауындағы материалдарда жаңа крематорийлердің жобалары, орналасатын жерлері, пайдалануға берілу мерзімдері немесе олардың жобалық қуаты туралы расталған мәліметтер жоқ.
Сондықтан ведомство қай өңірде және қашан жаңа крематорий салынуы мүмкін екенін атай алмады, - деп жазды комитет.
Еске салайық, бұған дейін кремация: дәстүрден технологияға дейінгі трансформация және Қазақстандағы жаңа үрдіс тақырыбында материал жарияланды.
Сондай-ақ, Алматы крематорийінде екі ғана кремация рәсімі өткен.