Бүгiн 2026, 14:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Кейбір мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті наркоскрининг енгізіледі

Жауапкершілігі жоғары лауазым иелері есірткіге міндетті тексеруден өтеді.

Қазақстанда бұдан былай жауапкершілігі жоғары лауазым иелері міндетті түрде наркоскринингтен өтетін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұндай ереже бүгін сенаторлар қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңда қарастырылған.  

Заңда мынадай негізгі нормалар қарастырылған:

еңбек қатынастарын реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті нақтыланады;

мемлекеттік қызметшілердің есірткі, психотроптық заттар және олардың аналогтарын қолдану фактісін анықтау мақсатында міндетті медициналық тексеруден өтуі көзделеді. Бұл – олардың заңсыз қолданылуының алдын алу шарасы ретінде енгізіледі.

Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерді мұндай медициналық тексеруге жіберудің негізі – олардың атқаратын лауазымдарының арнайы тізбеге енгізілуі болады. Бұл тізбе заңда белгіленген критерийлерге сай қалыптастырылады. Атап айтқанда, қызметтің сипаты мен ерекшелігіне, жауапкершілік деңгейі мен тәуекеліне қарай айқындалады, – деді сенатор Евгений Больгерт.

Айта кетерлігі, мемлекеттік органды көшіру кезінде төленетін өтемақылардың, сондай-ақ қызмет бабымен бір елді мекеннен екіншісіне ауысқанда берілетін төлемдердің тәртібі реттеледі. Сонымен қатар ауылдық жерде қызмет атқаратын учаскелік полиция инспекторлары үшін еңбек өтілін жеңілдетіп есептеу қарастырылған (1 ай қызмет = 1,5 ай);

Сондай-ақ ведомстволық жоғары оқу орындарын күндізгі бөлімде үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» арнайы атағын беру ұсынылады. Оларға қызметке орналасу үшін бос лауазымдарды таңдауда басымдық беріледі.

Еске салайық, Сенатта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң мен ілеспе құжат мақұлданды.