Бүгiн 2026, 13:12
Фото: pixabay.com
Қазақстанда ит пен мысықты міндетті чиптеу енгізілуі мүмкін
Мәжілісте үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін күшейтетін нормалар таныстырылды.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасында иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу нормасы қарастырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл - заң жобасындағы ең маңызды жүйелі түзетулердің бірі.
Депутаттың сөзінше, бұралқы иттер мәселесінің едәуір бөлігі шын мәнінде көшеден емес, иесі бар жануарлардың қараусыз қалуынан туындайды.
Итті “бала үшін”, “күзетке”, “саяжайға”, “аулаға” алады. Ал кейін көшеге тастайды, қараусыз бос жібереді, есепке қоймайды, сәйкестендірмейді. Ал қайғылы жағдай туындағанда “Бұл менің итім емес” дейді, - деді Жаңбыршин.
Осыған байланысты, оның пікірінше, міндетті чиптеу - жай ғана техникалық талап емес, бұл иесін анықтайтын, жауапкершілікті бекітетін және қоғам алдындағы міндетті нақтылайтын құқықтық құрал.
Депутаттың айтуынша, бұл норма:
•жануар иесін анықтауға;
•жануарды көшеге тастап кетуді жазасыз қалдырмауға;
•ашық есеп жүргізуге;
•нақты бақылау мен жауапкершілік тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Яғни бұл сала “сұр аймақтан” қоғамдық жауапкершілік аймағына көшуі тиіс, - деді ол.
Сонымен қатар заң жобасы аясында үй жануарларын серуендету талаптарын бұзған иелердің жауапкершілігін күшейту ұсынылған.
Жаңбыршиннің айтуынша, егер жануар иесі немесе оған жауапты тұлға серуендету талаптарын бұзып, соның салдарынан:
•адамның өмірі мен денсаулығына,
•басқа жануарларға,
•немесе өзге тұлғалардың мүлкіне зиян келтірсе, онда келтірілген шығынды өтеуге міндетті болады.
Ал егер мұндай әрекет салдарынан адамның денсаулығына орташа немесе ауыр зиян келсе, онда заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шешім қабылдау тетігі қарастырылатынын айтты.
Еске салайық, соңғы бір жылда Қазақстанда 41 мыңнан астам адамды ит қапқан.
Сондай-ақ, бұған дейін қаңғыбас ит мәселесі неге шешілмей тұрғанын жазған едік.
Жаңбыршин бұралқы иттерді қайта ортаға жіберу тәжірибесінен бас тарту қажет екенін де атап өтті.
Тағы оқи отырыңыздар:
Мысықты құтқармақ болған павлодарлық қаза тапты.