Қазақстанда фильмдердегі мемлекеттік тіл нормаларының сақталуын бақылауды күшейту ұсынылды
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Премьер-министрге жолдаған сауалында ұлттық фильмдерге назар аударуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шыққан. Соның 56-ы комедия.
Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе? Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатары тым аз, - деп айтты Әшімжанов.
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі, яғни 6 миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған.
Сұраныс жоқ емес, бар. Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда, ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр. Кино өндірісіне нарықтық сипат береміз деп жалаңаштап алған жағдайлар да аз емес. Сөз жоқ, кино нарығы коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі қаржыландыру керек. Алайда, әлемде ұлттық кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау жасап отырған елдер бар. Мамандар даярлауда арнайы мемлекеттік саясат белгіленген, - деп есептейді мәжілісмен.
Мәселен, Германия кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектейді.
Депутат мәселені шешу үшін мынадай ұсыныстар жасады:
Бірінші, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру;
Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру;
Үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау;
Төртінші, халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету.