Лудоманиямен күрес күшейді: 55 мың казино жабылып, 463 мың адам өзіне шектеу қойған
Үкімет есірткі, алкоголь және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесін жариялады.
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың халық денсаулығына және әлеуметтік-экономикалық дамуға кері әсер ететін тәуелділіктердің алдын алу мәселесіне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде нашақорлықтың, алкогольді шамадан тыс тұтынудың, темекі шегудің және құмар ойындарына тәуелділіктің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Премьер-министрдің жауабында есірткіге қарсы саясатты іске асыруға арналған стратегиялық құжат бекітілгені және Үкімет жанынан консультативтік кеңес құрылғаны айтылған.
Сондай-ақ Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған.
Құжат аясында заңнаманы жетілдіру, профилактикалық жұмысты күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған цифрлық құралдарды енгізу, медициналық-әлеуметтік оңалтуды кеңейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру көзделген. Жоспарға сәйкес, есірткіге тәуелді адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту деңгейі кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Атап айтқанда, бұл көрсеткішті 2026 жылы 31 пайызға, 2027 жылы 33 пайызға және 2028 жылы 35 пайызға дейін жеткізу жоспарланған, - делінген жауапта.
Бұдан бөлек, халық денсаулығын қорғау мәселелері бойынша Үкімет деңгейінде Ұлттық үйлестіру кеңесі құрылған.
Интернетте мыңдаған заңсыз материал анықталған
Премьер-министр темекі мен алкоголь өнімдерінің жарнамасын цифрлық және онлайн кеңістікте бақылау күшейтілгенін мәлімдеді.
Биылғы жылдың 1 қаңтары мен 25 мамыры аралығында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттайтын 6524 материал анықталған.
Нәтижесінде:
- 493 интернет-ресурс пен сілтемеге қолжетімділікті шектеу туралы 33 нұсқама берілген;
- 34 заңсыз материал бойынша ескерту хаттары жолданған;
- әлеуметтік желілерде 5997 заңсыз материал анықталған;
- олардың 4533-і немесе 76 пайызы жойылған.
Лудоманияға қарсы қандай шаралар қабылданды?
Олжас Бектенов соңғы жылдары құмар ойындар саласын реттеуге қатысты бірқатар заңнамалық өзгеріс қабылданғанын атап өтті.
Атап айтқанда:
- Бірыңғай борышкерлер тізіліміндегі азаматтардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салынды;
- мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға шектеу қойылды;
- букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектелді;
- құмар ойындарды жарнамалайтын SMS-хабарламаларды таратуға тыйым салынды;
- өзіне-өзі шектеу қою мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды;
- тыйым салынған тұлғаларды ойынға жіберген ұйымдастырушылар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде букмекерлік кеңселердің 2 мыңнан астам жарнамалық құрылғысы демонтаждалған.
Сонымен қатар «Кибернадзор» жүйесі арқылы 55 мыңнан астам заңсыз интернет-казино бұғатталған.
463 мыңнан астам адам құмар ойындарға өзіне шектеу қойған
Премьер-министрдің мәліметінше, электронды үкімет порталында құмар ойындарға қатысуға өзіне-өзі шектеу қою сервисі жұмыс істейді. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бұл қызмет арқылы 463 829 өтініш берілген. Олардың 224 793-і немесе 48 пайызы қазіргі уақытта белсенді күйде тұр.
Мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді
Үкімет жастар арасындағы профилактикалық жұмыстарды да күшейтіп жатыр. «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында 14 мемлекеттік органмен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген.
Барлық мектептерде 130 тақырып бойынша «Қауіпсіздік сабақтары» енгізілген. Онда алкогольдің, темекінің және психикаға белсенді әсер ететін заттардың зияны туралы мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ құқықтық тақырыптағы деректі фильмдерді көрсету тәжірибесі енгізілді.
Биылғы жылдың 2 ақпаны мен 30 сәуірі аралығында өткізілген көрсетілімдерге 1 миллионнан астам жоғары сынып оқушысы, 8048 мектеп, 450 мың студент және 763 колледж қатысқан.
Балаларды тәрбиелеу мәселесінде ата-аналардың рөлін күшейту мақсатында еліміздегі әр мектепте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылған.
Биылғы оқу жылы ішінде бұл орталықтарда 315 мың іс-шара өткізіліп, 3,5 миллион адам қамтылған.
Премьер-министр нашақорлықтың, алкогольді шамадан тыс тұтынудың, темекі шегудің және құмар ойындарына тәуелділіктің алдын алу мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин 2026 жылғы 21 мамырды Премьер-министр Олжас Бектенов атына депутаттық сауал жолдап, нашақорлыққа, алкогольге, темекіге және құмар ойындарына тәуелділікке қарсы мемлекеттік саясатты күшейтуді ұсынған еді.
Тағы оқи отырыңыз: "Бір кеште 1,5 млн теңге жоғалттым": Құмар ойын адам психикасын қалай өзгертеді?