Қазақстанда ең ұзақ еңбек демалысына кім шыға алады

ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Данияр Балтабай еңбек демалысының ұзақтығына қатысты мәселені түсіндерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл сайынғы ақылы демалыс жұмыскерлерге демалуға, күш-қуатын қалпына келтіруге, денсаулықты нығайтуға және жеке істерді шешуге беріледі.

Оның ең аз ұзақтығы 24 күнтізбелік күн. Демалыстың ұзағырақ уақыты ҚР Еңбек кодексіне, басқа да нормативтік-құқықтық актілерге, еңбек немесе ұжымдық шартқа, сондай-ақ жұмыс берушінің ішкі құжаттарына сәйкес берілуі мүмкін. Бұл ретте жұмыскердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.

Жеке санаттар үшін демалыс ұзақтығы мынадай:

- Педагогтер "Білім туралы" заңға сәйкес 56 күнтізбелік күн;

- азаматтық қызметшілер үшін Еңбек кодексіне сәйкес 30 күнтізбелік күн;

- мемлекеттік қызметкерлерге "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес 30 күнтізбелік күн.

Қосымша демалыс кімге беріледі:

- қосымша демалыстар ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге кемінде 6 күнтізбелік күн;

- І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге кемінде 6 күнтізбелік қосымша күн.

Жұмыскерлердің басқа санаттары үшін қосымша демалыс және оның ұзақтығы еліміздің жекелеген заңдарында белгіленуі мүмкін. Демалыстың ұзақтығы демалыс кезеңіне келетін мереке күндерін есептемегенде күнтізбелік күндерде есептеледі. Бұл ереже ауысым кестесіне немесе жұмыс уақытының режиміне қарамастан қолданылады, - дейді сарапшы.

Бұған дейін "отпуск" қалай есептелетінін және неше күн берілетінін жаздық.

Сондай-ақ мұғалімдердің еңбек демалысы төлемдері қашан түсетіні жайлы мәлімет бердік. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы