Қазақстанда экологияны ластаған кәсіпорындарға талап күшейтіледі
Мәжілісте зиянды шығарындылар үшін айыппұл есептеу тәртібін өзгерту ұсынылды
Мәжілісте қаралып жатқан экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасы аясында атмосфераға нормадан тыс зиянды зат шығарған кәсіпорындарға қатысты жауапкершілікті күшейту ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында айтты.
Оның сөзінше, қазіргі заңнама бойынша айыппұл көлемі атмосфераға артық шығарылған ластаушы заттардың мөлшеріне қарай есептеледі.
Алайда бұл көлемнің нақты қай кезең үшін есептелетіні заңда нақты көрсетілмеген.
Соның салдарынан ірі ластаушы кәсіпорындар құқықтық олқылықтарды пайдаланып, айыппұлдарды соттарда ұзақ уақыт даулауға мүмкіндік алып келді, – деді депутат.
Осыған байланысты заң жобасында нормадан тыс экологиялық әсер ету кезеңін соңғы өндірістік экологиялық бақылау жүргізілген күннен бастап есептеу ұсынылып отыр.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл түзету құқықтық олқылықтарды жояды, экологиялық бақылаудың тиімділігін арттырады, кәсіпорындардың атмосфераға шығарған әрбір артық грамы үшін бюджетке төлем жасауын қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Қазақстанда жыл сайын 4 млн тонна зиянды зат ауаға тарайтынын айтты.
Сондай-ақ, Еділ Жаңбыршин атап өткендей, енді барлық экологиялық ақпарат бір базаға жиналады.