23 Қараша 2026, 11:14 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда екі мыс өңдеу зауыты салынады

Қазақстанда мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, алдағы негізгі міндеттердің бірі – елде терең өңдеуді арттырып, дайын өнім өндірісін дамыту.

Осы міндетті іске асыру үшін 2021 жылдан бастап «Өнеркәсіп саясаты» заңы аясында отандық өңдеуші кәсіпорындарға шикізатты жеңілдетілген бағамен сатып алу мүмкіндігін беретін арнайы тетік енгізілді. Оған сәйкес, ірі металлургиялық кәсіпорындар алдымен отандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз етіп, содан кейін ғана оны экспортқа шығара алады, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Қазір бұл тетік мыс, алюминий және мырыш сияқты бірқатар металға қолданылады. Олар отандық өңдеушілерге нарықтық бағадан 5 пайызға дейін төмен бағамен сатылады.

Осының нәтижесінде өндіруші және өңдеуші кәсіпорындар арасында 30 келісім, сондай-ақ мыс катанкасын жеткізу бойынша 15 сауда келісімшарты жасалған.

Министрдің сөзінше, осы тетіктің арқасында Алматыда радиатор, Шымкентте профиль, Жетісу облысында заманауи аккумулятор, ал Саран қаласында металл бұйымдарын мырыштау өндірісі іске қосылған.

2029 жылдың соңына қарай елімізде мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есеге, ал қорғасын өңдеу көлемін 14 пайызға арттыру жоспарланып отыр, – деді министр.

Бұдан бөлек, түсті металдар концентраттарын Қазақстанда өңдеуді ынталандыру шаралары қабылданып жатыр. Осы мақсатта арнайы әдістеме бекітіліп, заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленген.

Бұл өзгерістер отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын толық пайдалануға және жаңа жобаларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәселен, 2030 жылға дейін Қарағанды және Абай облыстарында әрқайсысының қуаты 300 мың тонна болатын екі мыс өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, бұл кәсіпорындар жаңа тетік арқылы қажетті шикізатпен қамтамасыз етіледі.

Еске салсақ, Қазақстанда 2024 жылдан бері үш жыл қатарынан өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі тау-кен саласының көрсеткішінен асып түсті. Соңғы үш жылда өндіріс көлемі 14,5 пайызға өсті.