21 Шілде 2026, 11:01 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда биыл 190 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр

Министрдің айтуынша, алты айда көлік өндірісі 35%-ға өсіп, жыл соңына дейін 190 мың автокөлік шығару көзделген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында соңғы жылдары Қазақстанның автомобиль жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министрдің мәліметінше, бүгінде салада 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы бес жыл ішінде автомобиль өндірісіне шамамен 457 млрд теңге инвестиция тартылған.

Өткен жылы елімізде 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18 пайызға өсті. Бұл оң үрдіс биыл да жалғасып отыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, биылғы алты айдың қорытындысы бойынша 94 мың 400 автокөлік өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға көп.

Жыл соңына дейін өндіріс көлемін тағы 11 пайызға ұлғайтып, 190 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр. Жалпы, биыл автомобиль жасау саласының өсімі 131,1 пайызды құрады, – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін министр Қазақстанда қандай автокөліктер шығарылатынына тоқталған болатын. 

Тағы оқи отырыңыз: Бампер, электр сымдары, дискілер: Қазақстанда жаңа өнеркәсіптік кластерлер дамып жатыр