Қазақстанда бір апта ішінде картоп, пияз және қырыққабат бағасы төмендеді
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі жалғасуда. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабаралады.
Азық-түлік бағасының өзгерісі
2026 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендегені байқалды.
Апта ішінде картоптың (-6,9%), пияздың (-5,9%), ақ қырыққабаттың (-5,1%), сәбіздің (-4,5%), алманың (-0,8%), нанның (-0,4%) және ірімшіктің (-0,3%) бағасы төмендеді. Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, рожки, сүт және сүзбе бағасы өзгеріссіз қалды, - деп жазылған статистика бюросының хабарламасында.
Өңірлердегі жағдай қандай?
Өңірлік бөліністе елдің бірқатар қалаларында дефляциялық динамика байқалды. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларының жалпы деңгейі Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында 0,1%-ға төмендеді. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы бір килограмына 156 теңгені құрады. Бұл ретте ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір килограмына 123 теңге.
Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы бір килограмына 227 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір килограмына 146 теңге.
Республика бойынша бағалар өзгерісі
Республика бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 217 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодар қаласында – 152 теңге және Қостанай қаласында – 184 теңге деңгейінде тіркелді.
Республика бойынша қызанақтың орташа бағасы бір килограмына 586 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – бір килограмына 347 теңге.
Ет бағасы қандай?
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір килограмына 3 819 теңгені, тауық етінің бағасы – 1 747 теңгені құрады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тамыз айында қандай азық-түлік пен тауарлар арзандағаны хабарланды.