24 Шілде 2026, 13:23 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

Қазақстанда бір аптада қияр, қырыққабат және картоп бағасы айтарлықтай төмендеді

Әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік арзандады.

Қазақстанда апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап. 
Қандай азық-түлік арзандады?

2026 жылғы 22 шілдедегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі байқалды.

Бағасы ең көп төмендеген өнім қиярдың бағасы 4,3% арзандады. Сонымен қатар қырыққабат (1,5%), картоп (1,4%), қызанақ (0,8%), алма (0,7%), пияз (0,4%), сүзбе (0,3%), күріш, қарақұмық жармасы, қатты және жартылай қатты ірімшік, тұз (0,1%) бойынша бағалардың төмендеуі байқалды. Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан дайындалған нан, сүт (пастерленген, ультрапастерленген, 2,2%-дан 6% дейінгі майлылықтағы стерильденген сүт), қаймақ және сары май бағасы өзгеріссіз қалды, - деп жазылған бюро хабарламасында.

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қалаларында дефляциялық динамика байқалған.

Өңірлерде баға қаншаға төмендеді?

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қонаев, Өскемен және Талдықорған қалаларында 0,4%, Ақтөбе қаласында 0,2%, Алматы, Ақтау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Орал және Түркістан қалаларында 0,1% төмендеді. Астана, Жезқазған, Қарағанды, Петропавл, Семей және Тараз қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 502 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – килограмы 339 теңге. Тазартылған күріштің орташа республикалық бағасы килограмына 533 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Қызылорда қаласында – 456 теңге және Ақтау қаласында – 472 теңге болды. Еліміз бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 283 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркелді – килограмы 218 теңге. Республика бойынша I санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 564 теңгені құрады. Ең төмен бағалар Қызылорда қаласында (464 теңге) және Орал қаласында (471 теңге) байқалды. Ет өнімдері бойынша республикадағы орташа бағалар: сүйекті сиыр еті – килограмына 3 775 теңге, тауық еті – килограмына 1 758 теңге, - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін елімізде көкөніс, жұмыртқа және сүт өнімдерінің бағасы төмендеді. 

Тағы оқи отырыңыздар:

Қазақстан негізгі азық-түлік өнімдерімен ішкі нарықты 100%-ға дейін қамтамасыз етеді