10 Шілде 2026, 12:23 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда бензин бағасы өсті, бірақ әлемнен әлі арзан 

Бензин ең қымбат елдер де белгілі.

Қазақстанда мотор отынын өндіру көлемі өткен жылғы күрт өсімнен кейін аздап төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Ranking.kz сілтеме жасап. 

2026 жылғы қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша елде авиациялық бензинді қоса есептегенде 2,5 млн тонна бензин өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 2%-ға аз.

Ал бір жыл бұрын бензин өндірісі, керісінше, 22%-ға өсіп, 2,6 млн тоннаға жеткен еді.

Бензин бір жылда 16%-ға қымбаттады

Өндіріс көлемі азайғанымен, бензин бағасы өсіп жатыр. 2026 жылғы маусымда оның құны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға қымбаттады. Салыстырсақ, 2025 жылғы маусымда бензин бағасының жылдық өсімі 4%, 2024 жылғы маусымда 2%, ал 2023 жылғы маусымда 12% болған. Бензин түрлері бойынша ең жоғары өсім АИ-95 және АИ-96 маркаларында тіркелді. 2026 жылғы маусымда олардың бағасы бір жыл бұрынғыдан шамамен 18%-ға жоғары болды.

АИ-92 маркалы бензин 15%-ға, ал АИ-98 бензині 14%-ға қымбаттады.

Қазақстандағы бензин әлемдік бағадан екі есе арзан

Бағаның өсуіне қарамастан, Қазақстандағы бензин әлемнің көптеген елімен салыстырғанда әлі де арзан. GlobalPetrolPrices дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 6 шілдеде әлем бойынша АИ-95 бензинінің орташа бағасы литріне 1,47 АҚШ доллар. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,69 доллар болды. Осылайша еліміздегі бензин бағасы әлемдік орташа деңгейден екі еседен астам төмен.

Қазақстан көршілес және экономикалық тұрғыдан салыстыруға келетін бірқатар мемлекетпен салыстырғанда да төмен бағаны сақтап отыр.

АИ-95 бензинінің бір литрі:

Ресей мен Беларусьта – шамамен 0,94 доллар;
Қырғызстанда – 1,02 доллар;
Қытайда – 1,14 доллар;
Өзбекстанда – 1,34 доллар;
Арменияда – 1,5 доллар.

Сонымен қатар кейбір мұнай өндіруші және жанармай бағасын мемлекет реттейтін елдерде бензин Қазақстаннан да арзан.

Бензин ең қымбат елдер

АИ-95 бензинінің ең жоғары бағасы Гонконгте тіркелді. Мұнда бір литр жанармай 4,06 доллар тұрады.

Одан кейінгі орындарда:

Малави – 3,24 доллар;
Дания – 2,6 доллар;
Израиль – 2,55 доллар;
Нидерланд – 2,52 доллар;
Финляндия – 2,45 доллар.

Осылайша Қазақстанда бензин бағасы қарқынды өсіп жатқанымен, ол әлемдік және өңірлік деңгеймен салыстырғанда әлі де төмен болып отыр.

Еске салайық, бұған дейін сарапшылар Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға қалай әсер ететінін, сондай-ақ қандай қауіптер бар екенін атады