Қазақстанда БАҚ-қа сенім Орта Азия бойынша ең жоғары деңгейде
Қазақстанда 1 мыңнан астам телеарна, баспа және цифрлық БАҚ, ақпарат агенттіктері мен жергілікті басылымдар жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы елордада өтіп жатқан Astana Media Week дәстүрлі медиа апталығының ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзінде айтылды.
Азаматтардың 65%-ы жаңалықтарды тек әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден алады. Бір жағынан бұл – технологиялық дамудың айқын көрсеткіші. Екінші жағынан, халықтың медиасауаттылығын арттыруды, жауапкершілік пен қоғамдық диалог мәдениетін қалыптастыруды қажет ететін жаңа талап. Digital News Report зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың БАҚ-қа деген сенім деңгейі Орта Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда жоғары, - делінген министрдің сөзінде.
Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан осы саланы реформалау бағытында жүргізілген жүйеді жұмыстың нәтижесі деп саналады.
Ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы бізге цифрлық кеңістіктегі өзгерістерге жедел бейімделуді талап етеді. Ал Қазақстан онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы заң қабылдаған санаулы елдердің бірі болып отыр. Бұл құқықтық құжат халықаралық заманауи стандарттарға сәйкес әзірленіп, нарықтағы барлық қатысушылар үшін әділ ойын ережелерін бекітеді. Жаңадан қабылданған медиа миссия туралы заң да журналистердің ақпаратқа қол жеткізу тәртібін айқындап, мәртебесін арттырды. Қазір министрлік бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулерді әзірлеуде. Бұл түзетулердің ақпараттық кеңістіктегі жылдам өзгерістерге лайықты жауап болмақ. Осылайша, Қазақстан цифрлық трансформация жолымен нық қадам жасап, мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде заманауи медиа ортаны қалыптастырып келеді, - деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, елордада өтіп жатқан Astana Media Week дәстүрлі медиа апталығының ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзі оқылды. Министрдің сөзінше, ақпарат – басты ресурс, медиа алаңындағы ашық диалог маңызды.