16 Қараша 2026, 11:23 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда балалардың кешкі мектептерде оқуына шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстанда кәмелетке толмағандардың кешкі мектептерде оқуына жол бермеу үшін тиісті бұйрық жобасы әзірленіп жатыр. Құжат мемлекеттік органдармен келісіліп, қабылданады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайдағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Балалардың кешкі мектептерде оқуына жол бермеу үшін тиісті бұйрық жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп қабылданады. Баланың білім алу құқығы кез келген жағдайда қамтамасыз етілуге тиіс, – деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі 34 кешкі мектепте 2 904 адам білім алады. Оның 855-і – кәмелетке толмағандар.

Сонымен қатар елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала бар. Оның 71 мыңы мектепке дейінгі жаста болса, 166 мыңы мектеп жасында. Министрдің мәліметінше, бұл балалардың барлығы инклюзивті біліммен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ инклюзивті білім беруге арналған кабинеттерге қойылатын талаптарды реттейтін бұйрық қабылданған. Ал Құрылтай депутаттарының бастамасымен әзірленген «Дамуында ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, уақытша тергеу изоляторларындағы балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданады. Бүгінде тергеу изоляторларында 119 бала бар.

Айта кетейік, Қазақстан оқушылары өмірге қанағаттану деңгейі бойынша 83 елдің арасында бірінші орын алды.