Қазақстанда әйелдерге қандай медициналық қызметтер тегін көрсетіледі?
Қазақстанда жыл сайын 300 мың астам сәби дүниеге келеді.
Қазақстанда әйелдерге жүктілікті жоспарлаудан бастап босанғаннан кейінгі кезеңге дейін бірқатар медициналық қызмет тегін көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазір елімізде әйелдер консультациялары 425 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы мен 24 облыстық перинаталдық орталықтың базасында жұмыс істейді. Пациенттер үшін жеке тіркеу орындары, емшара кабинеттері және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған. Соңғы уақытта әйелдер консультациясының қызметін 1 миллионнан астам әйел пайдаланған. Жүктіліктің 10-аптасына дейін есепке тұрған әйелдердің үлесі 18%-ға артып, 71%-ға жетті.
Диагностика бір күнде жүргізіледі
Еліміздің барлық өңіріндегі перинаталдық орталықтарда «Бір күндік клиникалар» жұмыс істейді. Мұнда жүкті әйелдер ұрықтың туа біткен даму ақауларын ерте анықтауға арналған бес түрлі тексеруден өтіп, нәтижесін келесі күні ала алады.
2026 жылы мұндай диагностикамен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, оларға 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ұрықтың даму ақауларын анықтау көрсеткіші 13%-ға артқан. Ал нәресте өлімі 15%-ға төмендеген.
Жүктілікке дейін 12 тегін тексеру бар
2025 жылдан бастап елімізде «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында әйелдерді жүктілікке дайындау үшін 12 түрлі тексеру тегін жүргізіледі. Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану тіркеледі. Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік бағдарламалардың негізгі мақсаты – әйелдердің тұрғылықты жері мен табыс деңгейіне қарамастан қажетті медициналық көмекті қолжетімді ету екенін атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: Науқасқа қиындық, дәрігерге жүктеме, бюджетке шығын: Депутат артық рәсімдерді атады