19 Тамыз 2026, 18:40 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда автобус пен таксиге сұраныс артты

Жолаушылар ағыны мен табыс көрсеткіштері қандай?

Қазақстандықтар қоғамдық көлік пен таксиді жиірек пайдалана бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ finprom.kz-ке сілтеме жасап. 

2026 жылдың қаңтар–шілде айларында автомобиль және қалалық электр көлігімен 1,1 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,6%-ға артық. Көлік кәсіпорындарының жолаушылар тасымалынан түскен табысы осы кезеңде 303,1 млрд теңгеге жетіп, 13,9%-ға өсті.

Табыстың негізгі бөлігі қандай?

Нақты мәндегі өсім 6,1%-ды құрады. Табыстың негізгі бөлігін автобустар мен такси қамтамасыз етті. Автобуспен тасымалдау 192 млрд теңге табыс әкелді.. Бұл бір жылда 15,5%-ға көп. Нақты мәнде табыс 11,6%-ға өсті. Такси қызметі 101 млрд теңге тауып, номиналды табысын 10,5%-ға арттырды. Алайда бағаның өзгеруін ескергенде, бұл сегменттің нақты табысы, керісінше, 3,2%-ға қысқарды.

Сонымен қатар такси жолаушыларының саны көбейді - 88,8 млн адам, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,2%-ға артық. Яғни, сапарлар санының өсуі әзірге таксистердің нақты табысының артуына әсер етіп жатқан жоқ. Автобустар негізгі жолаушылар көлігі болып қала береді: жеті айда олар 971,7 млн адамды немесе автомобиль және қалалық электр көлігі жолаушыларының шамамен 90%-ын тасымалдады.

Қай өңірде жолаушылар көп?

Жолаушылар ең көп тасымалданған өңірлер - Алматы (267,5 млн адам) және Астана (188,3 млн). Осы екі қалаға барлық жолаушы ағынының шамамен 41%-ы тиесілі. Бұл ретте такси қызметі айтарлықтай қымбаттап жатыр. Шілде айында қалалық такси бағасы бір жылда 13,4%-ға өссе, қалалық автобустардағы жол жүру ақысы 3,3%-ға қымбаттады.

Жалпы алғанда, жолаушылар ағыны бірнеше жылдан бері өсіп келеді. 2022 жылғы қаңтар–шілдемен салыстырғанда ол 41,2%-ға - 786 миллионнан 1,1 млрд сапарға дейін өсті. Алайда өсу қарқыны бәсеңдеді: егер 2023-2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына шамамен 9-11% болса, қазір 5%-дан аз.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда «Астана» атауымен жаңа автобус бренді шығарылатыны хабарланды

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстанда биыл 190 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр

Астанада алғашқы жолаушы ұшатын таксимен аспанға көтерілді

Қазақстанда жүк пен жолаушы тасымалы күрт артты: Қай өңірлер көш бастады?