Қазақстанда аусыл тіркелмеген – вице-министр желідегі шуға жауап берді
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин әлеуметтік желіде тарап кеткен ақпараттарға қатысты пікір білдіріп, жағдайды
Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аусыл ауруы тіркелмеген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министр әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға қатысты пікір білдіріп, нақты жағдай бақылауда екенін айтты.
Желіде әртүрлі әңгіме өршіп жатыр. Білмесе де, сарапшылар көбейіп кетті. Көрші елдерде болып жатқан жағдайлардың бәрі бізде тіркелмеген. Біз мал арасында мұндай инфекциялар таралмау үшін шекараны жаптық. Транзитке де жабық. Ешкім мал өнімдерін шекарадан әкеле алмайды. Ішкі жағдайды айтсақ, 22 індетке вакцинация жасаймыз. Қазір тұрақты екпе жасап, жұмысымыз жалғасып жатыр. Қазақстанда аусыл аурулары ауыл шаруашылығында, болмаса сыртта жүрген жануарлардың арасында болсын, тіркелмеген. Мұны біз бақылап отырмыз, – деді Бердалин.
Оның айтуынша, соңғы бір ай ішінде ел бойынша 477 өңірден сынама алынған. Барлығы теріс нәтиже көрсеткен.
Біз қарасан, ринотрахеит және тіпті туберкулезге қарсы алдын алу шарасын жүргіземіз. Жалпы елімізде көп жыл 68 індет тіркелген еді, ал қазір оның 22-cі қалды, – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол халық арасында аусыл мен ринотрахеитті шатастыру жиілегенін айтты.
477 сынама алсақ, оның 2 сынамасы ринотрахеитке оң нәтиже берді. Біз соған байланысты шараны қолға алдық. Сол инфекция аусылға ұқсайды, – деп түйіндеді Аманғали Бердалин.
Еске салсақ, Кипрдің 100-ден астам фермасында аусыл індеті өршіп тұрғаны хабарланған еді.
Тағы оқи отырыңыздар: Көрші елде аусылдан мал жаппай қырылып жатыр. Індет Қазақстанға жетті ме?