Бүгiн 2026, 12:21 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Әскери қызметшілерге жаңа жеңілдіктер ұсынылды

Мәжілісте сарбаздарды мемлекет есебінен толық тамақтандыру мәселесі көтерілді.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат депутаттар бастамасымен әзірленген. Бұл туралы депутат Олжас Құспеков мәлімдеді. Оның айтуынша, заң жобасы әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және әскердегі қызмет жағдайларын жақсартуға бағытталған.

2026 жылғы 6 мамырда Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселелері, қорғаныс қабілетін нығайту және әскери қызмет беделін арттыру мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті, – деді Олжас Құспеков.

Оның сөзінше, Президент тапсырмасына сәйкес армияны жаңғырту және әскери қызметшілерді қолдау бойынша бірқатар шара қарастырылып жатыр.

Заң жобасындағы негізгі ұсыныстардың бірі – казармалық жағдайда орналасқан немесе карантиндік іс-шараларға тартылған әскери қызметшілерді мемлекет есебінен толыққанды тамақпен қамтамасыз ету.

Бұл шара әскери қызмет өткеру жағдайларын жақсартуға, жауынгерлік әзірлікті сақтауға және жеке құрамның денсаулығын қорғауға бағытталған, – деді депутат.

Сонымен қатар оның айтуынша, бұл норма әскери қызметшілердің жоғары жүктеме мен шектеулер жағдайында әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Депутат аталған бастама 2025 жылғы 9 қазанда Республикалық бюджет комиссиясы тарапынан қолдау тапқанын айтты.

Бұған дейін әскерилердің жалақысын 3 есе арттыру ұсынылған еді.