Қазақстанда әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда не істейді? Шетел тәжірибесі қандай?
Қазақстанда мерзімді әскери қызмет бір жылға созылады. Ал басқа елдер де ше?
Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің тәртібі өзгермек. Енді әскерге шақырылған азаматтар алғашқы алты айда арнайы оқу орталықтарында дайындықтан өтіп, қалған алты айын әскери бөлімдерде өткізеді. Бұл өзгеріс 21 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мақұлданған әскери реформа жоспарында қарастырылған. BAQ.KZ тілшісі өзге елдерде сарбаздар қалай даярланатынын және Қазақстандағы жаңа жүйенің қандай айырмашылығы болатынын зерделеді.
Қазақстанда әскери қызмет қалай өзгереді?
Қазір Қазақстанда мерзімді әскери қызмет бір жылға созылады. Жаңа реформа бойынша бұл мерзім өзгермейді. Алайда сарбаздарды даярлау тәртібі басқаша ұйымдастырылмақ. Жоспарға сәйкес, әскерге шақырылған азаматтар алғашқы алты айда оқу орталықтарында әскери дайындықтан өтеді. Ал келесі алты айда әскери бөлімдерге жіберіліп, жауынгерлік даярлығын жалғастырады және бөлімше құрамында әскери міндеттерді орындайды. Ақорданың мәліметінше, әскери реформа жоспарын әзірлеу кезінде шетел тәжірибесі, қазіргі соғыстарда қолданылатын тәсілдер және қазақстандық мамандардың ұсыныстары ескерілген.
Реформа тек мерзімді әскери қызметпен шектелмейді. Қарулы күштердің құрылымы мен басқару жүйесін өзгерту, ұшқышсыз жүйелер күштерін құру да жоспарланып отыр. Сонымен қатар әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және әскердегі жарғыға қайшы қарым-қатынастардың алдын алу мәселесіне назар аударылмақ. Ұйымдастыру жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Ал негізгі өзгерістерді 2027 жылы жүзеге асыру көзделген.
Эстония: сарбаздар сегіз аптада не үйренеді?
Эстонияда мерзімді әскери қызмет 11 айға созылады. Бұл елде сарбаздарды даярлау бірнеше кезеңге бөлінген. Алғашқы сегіз аптада әскерге шақырылғандар қару қолдануды, әскери тактиканы, жергілікті жерде бағдарлауды және алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді. Дайындық аяқталған соң теориялық және практикалық емтихан тапсырады. Одан кейін әр сарбаз әскери мамандық бойынша оқиды. Мәселен, кіші командирлерді даярлауға 11 апта, әскери жүргізушілерді оқытуға 12 апта бөлінеді. Байланысшылар, пулеметшілер мен медицина қызметкерлері үшін де арнайы бағдарламалар бар. Келесі 22 аптада сарбаздар әскери бөлімшелер құрамында жаттығады. Олар шағын топтан бастап батальон деңгейіне дейін бірлесіп әрекет етуді меңгереді. Қызмет соңында ауқымды әскери оқу-жаттығулар өткізіледі. Яғни Эстонияда сегіз апталық бастапқы курстан кейін де әскери дайындық жалғасады.
Қазақстандағы жаңа жүйенің ұқсастығы – сарбаздар алдымен оқып, кейін әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бірақ Эстонияда дайындық бірнеше кезеңге бөлінсе, Қазақстан оны алты айлық екі кезеңге бөлуді жоспарлап отыр.
Сингапур: дайындық деңгейіне қарай 9 аптадан 19 аптаға дейін
Сингапурда міндетті ұлттық қызмет әдетте екі жылға созылады. Одан кейін азаматтар резервке өтеді. Бұл елдің ерекшелігі – барлық сарбаз бірдей мерзімде бастапқы дайындықтан өтпейді. Оқу ұзақтығы олардың денсаулығы мен физикалық дайындығына байланысты белгіленеді. Сингапурдың Орталық әскери шақыру басқармасының мәліметінше, физикалық дайындығы жеткілікті азаматтар тоғыз апталық негізгі әскери курстан өтеді. Ал қажетті нормативтерді орындай алмағандар қосымша сегіз апта жаттығады. Осылайша олардың жалпы бастапқы дайындығы 17 аптаға созылады. Белгілі бір салмақ санатындағы азаматтар үшін 19 апталық бағдарлама қарастырылған. Осы уақыт ішінде сарбаздар қару қолдануды, дала жағдайында әрекет етуді үйренеді. Сондай-ақ ұзақ қашықтыққа жорық жасап, физикалық сынақтардан және қала жағдайындағы әскери жаттығулардан өтеді. Бастапқы курстан кейін олар әскери мамандық бойынша білім алады.
Қазақстанда әзірге сарбаздарды физикалық дайындық деңгейіне қарай бөлу жоспарланғаны туралы ақпарат жоқ. Жарияланған жобаға сәйкес, оқу орталықтарындағы дайындыққа алты ай бөлінеді.
Оңтүстік Корея: бес апта оқып, әскери бөлімге барады
Оңтүстік Кореяда мерзімді әскери қызметтің ұзақтығы әскер түріне қарай өзгереді. Құрлық әскерлері мен теңіз жаяу әскерінде азаматтар 18 ай қызмет етеді. Әскери-теңіз күштерінде бұл мерзім 20 ай, ал Әскери-әуе күштерінде 21 ай. Елдің Әскери адам ресурстары басқармасының мәліметінше, құрлық әскерлеріне шақырылған азаматтар алдымен бес апталық әскери дайындықтан өтеді. Осы кезеңде олар әскери қызметке қажетті бастапқы дағдыларды меңгереді. Содан кейін сарбаздар әскери бөлімдерге бөлінеді. Бұл ретте компьютерлік кездейсоқ таңдау жүйесі де қолданылады. Дегенмен бес апталық курстан кейін сарбаздардың оқуы аяқталмайды. Олар әскери бөлімдерде де дайындықтарын жалғастырады. Қазақстанмен салыстырғанда, Оңтүстік Кореяда бастапқы әскери курс әлдеқайда қысқа. Бірақ сарбаздар әскери бөлімдерде ұзақ уақыт қызмет етеді. Сондықтан екі елдің бастапқы дайындық мерзімін ғана салыстырып, қайсысында әскери даярлық ұзақ жүргізілетінін анықтау дұрыс емес.
Финляндия: әскери қызмет мерзімі мамандыққа қарай өзгереді
Финляндияда барлық азамат бірдей мерзімде әскери қызмет атқармайды. Әскерде қанша уақыт болатыны меңгеретін әскери мамандығына байланысты. Елдің Әскери міндет туралы заңының 37-бабында үш түрлі мерзім белгіленген.
Негізгі әскери мамандықтар бойынша қатардағы сарбаздар 165 күн қызмет етеді. Арнайы дағдылар қажет болатын мамандықтар үшін 255 күн қарастырылған. Ал болашақ офицерлер, сержанттар және күрделі әскери мамандықтарды меңгеретін азаматтар 347 күн қызмет етеді. Финляндия Қорғаныс күштерінің мәліметінше, сарбаздар алғашқы алты аптада негізгі әскери дайындықтан өтеді. Бұл уақытта олар қару қолдануды, ұрыс жүргізудің негізгі тәсілдерін және әскери қызметке қажетті дағдыларды үйренеді.
Одан кейін әскери мамандықтар бойынша бөлініп, дайындықтарын жалғастырады. Кейін бөлімшелер құрамында жаттығып, жауынгерлік жағдайға жақын ортада әскери міндеттерді орындауды меңгереді. Финляндияның Қазақстаннан басты айырмашылығы — әскери қызмет мерзімі сарбаздың мамандығына қарай белгіленеді. Ал Қазақстанда әзірге барлық мерзімді әскери қызметші үшін бір жылдық мерзімді сақтау көзделген.
Латвия: әскерде 11 ай қызмет етуге немесе бес жыл бойы дайындалуға болады
Латвияда міндетті ұлттық қорғаныс қызметін қалпына келтіру 2023 жылы басталды. Сол жылдың 5 сәуірінде ел парламенті тиісті заң қабылдады. Бұл мемлекетте әскери қызметтен өтудің бірнеше жолы бар.
Біріншісі – Ұлттық қарулы күштердің тұрақты әскери бөлімдерінде немесе Ұлттық гвардияда 11 ай қызмет ету. Екіншісі – Ұлттық гвардия құрамында бес жылдық бағдарлама бойынша дайындықтан өту. Мұндай жағдайда азаматтар жыл сайын кемінде 28 күн әскери оқу-жаттығуға қатысады. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледж студенттері үшін запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бар. Ол бес жылға есептелген. Осы аралықта әскери сабақтар мен оқу-жаттығу жиындарының жалпы ұзақтығы кемінде 180 күн болуы тиіс.
Латвия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жоспарланған оқу мерзімі – 214 күн. Ел билігі 2028 жылға қарай 11 айлық бағдарлама бойынша жыл сайын төрт мың сарбаз даярлауды көздеп отыр. Бұдан бөлек, екі мыңға дейін азамат Ұлттық гвардияның бес жылдық бағдарламасына, ал 500-ге дейін адам запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасына қатыса алады. Латвия тәжірибесінің ерекшелігі – азаматтарға әскери қызметтен өтудің бірнеше форматы ұсынылады. Ал Қазақстанда жоспарланып отырған өзгеріс әскери қызметтің түріне емес, бір жылдық қызмет ішіндегі дайындық тәртібіне қатысты.
Қазақстанда сарбаздар шетелге қарағанда ұзақ оқытыла ма?
Шетел тәжірибесін салыстырғанда бір маңызды жайтты ескеру қажет. Мысалы, Оңтүстік Кореяда бастапқы әскери дайындық бес аптаға, Финляндияда алты аптаға, Эстонияда сегіз аптаға, ал Сингапурда стандартты бағдарлама бойынша тоғыз аптаға созылады.
Бір қарағанда, Қазақстанда жоспарланған алты айлық дайындық бұл елдермен салыстырғанда әлдеқайда ұзақ көрінуі мүмкін.
Алайда шетелдегі аталған мерзімдер сарбаздардың тек бастапқы әскери дайындығын білдіреді. Одан кейін олар әскери мамандықтарды меңгеріп, бөлімшелер құрамында оқу-жаттығуларға қатысады. Мәселен, Эстонияда сегіз апталық курстан кейін арнайы дайындық басталып, бөлімшелер құрамында тағы 22 апта жаттығу өтеді. Сингапурда да тоғыз апталық негізгі курстан кейін әскери мамандық бойынша оқу жалғасады. Ал Қазақстанда алғашқы алты айдың қанша бөлігі бастапқы әскери дайындыққа, қаншасы әскери мамандықтарды меңгеруге және практикалық сабақтарға бөлінетіні әзірге белгісіз. Сондықтан Қазақстанда сарбаздар басқа елдерге қарағанда үш немесе бес есе ұзақ оқытылады деп айтуға негіз жоқ.
Жаңа жүйеге қатысты қандай сұрақтар жауапсыз қалды?
Әскери реформа жоспары мақұлданғанымен, оны жүзеге асырудың барлық тетігі әзірге жарияланған жоқ. Ең алдымен, сарбаздардың алты айлық оқу бағдарламасына нақты қандай пәндер енгізілетіні белгісіз. Сондай-ақ олар осы кезеңде әскери мамандықтарды толық меңгере ме, әлде мамандық бойынша дайындық әскери бөлімдерде жалғаса ма деген сұрақ бар. Оқу орталықтарындағы дайындық аяқталған соң сарбаздар емтихан тапсыра ма? Олардың әскери бөлімдерге жіберілу тәртібі қандай болады? Бұл мәселелер де әзірге нақтыланбаған. Бұдан бөлек, жаңа жүйені енгізу үшін қанша оқу орталығы қажет екені, олардың техникалық жабдықталуы, нұсқаушылар саны және реформаның қаржылық шығындары туралы ресми мәлімет жоқ.
Жаңа тәртіптің нақты қашан енгізілетіні де белгісіз. Әзірге ұйымдастыру жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтап, негізгі өзгерістерді 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланғаны ғана белгілі. Осылайша, Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің ұзақтығы өзгермейді. Сарбаздар бұрынғыдай 12 ай қызмет етеді. Бірақ осы уақыттың алғашқы жартысын оқу орталықтарында, қалған бөлігін әскери бөлімдерде өткізеді. Шетел тәжірибесі көрсеткендей, әскери дайындықтың тиімділігі тек оның қанша уақытқа созылатынына байланысты емес. Сарбаздардың қандай білім алатыны, әскери мамандықты қаншалықты меңгеретіні, нұсқаушылардың біліктілігі мен оқу орталықтарының жабдықталуы да маңызды. Сондықтан Қазақстандағы жаңа жүйенің нәтижесін бағалау үшін алты айлық дайындықтың нақты мазмұны мен оны жүзеге асыру тәртібінің жариялануын күту қажет.