Бүгiн 2026, 14:00 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Қазақстанда аса қауіпті мал аурулары 53%-ға төмендеді

Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өңірде жоспарлы көрсеткіштер орындалмаған.

Қазақстанда аса қауіпті мал аурулары ошақтарының саны азайып келеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрлік мәліметінше, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Қазақстан ресми түрде Орталық және Шығыс Азияда аусылдан таза жалғыз ел мәртебесін алды. Бұл отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша аса қауіпті аурулар ошақтарының саны 2023 жылмен салыстырғанда 53%-ға төмендеді, – делінген министрлік жауабында.

Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдар 9,1 млрд теңгеге шамамен 600 ветеринариялық нысан салған. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 95 нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 39 ветеринариялық пункт пен 56 мал қорымы салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл ветеринария саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Құжат аясында саланы жүйелі жаңғырту, ветеринариялық қызметтердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, арнайы автокөліктер сатып алу, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, сауда нысандарында күнделікті ветеринариялық бақылау жүргізу, сондай-ақ ветеринарлардың мәртебесі мен еңбекақысын арттыру көзделген.

Мемлекеттік ветеринариялық зертханаларды қосымша жарақтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 5,5 млрд теңгеге 54 бірлік жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар өнімнің қадағалануын арттыру үшін бастапқы өңдеуі бар мал сою пункттерін салуға жеңілдетілген қаржыландыру мәселесі пысықталуда, – деп хабарлады министрлік.

Ведомство мәліметінше, мал сою нысандары желісін дамыту жөніндегі жол картасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-бен 10 жылға дейін жеңілдетілген кредит беру және қажетті жабдықтардың ең төменгі тізбесін қысқарту қарастырылған.

Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өңірде жоспарлы көрсеткіштер орындалмаған.

Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында мал сою пункттерін салу бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілген жоқ. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді, – делінген министрлік жауабында.

Биыл ауыл шаруашылығы жануарларын аса қауіпті 22 ауруға қарсы вакцинациялауға 19,8 млрд теңге қарастырылған. Бірінші жартыжылдыққа қажетті вакцина көлемі республикалық қордан берілді.

Министрлік өңір әкімдіктері эпизоотиялық жағдайды тұрақты сақтау үшін ауыл шаруашылығы жануарларын 100% вакцинациялауды және сәйкестендіруді қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер аясында инфрақұрылымды дамытуға 66,2 млрд теңге бөлінді. 2026-2027 жылдары ветеринариялық нысандар салу бойынша тиісті индикаторлар өңірлерге жеткізілді.

Аталған қаражатқа 2 399 ветеринариялық нысан сатып алу және салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 278 ветеринариялық пункт, 72 ветеринариялық станция және 1 049 мал қорымы бар.

Солтүстік Қазақстан облысына 3,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 2 ветеринариялық станция мен 114 ветеринариялық пункт салу жоспарланған.

Министрлік дерегінше, республика бойынша 2 431 мал қорымы бар. Оның 783-і типтік, 1 648-і қарапайым нысан саналады. 2026 жылы биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату және жануар өлекселерін заңсыз көму тәуекелін азайту үшін 6,9 млрд теңгеге 285 мал қорымын салу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары қолайсыз пункттер саны мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аурудың анықталу деңгейі кезең-кезеңімен төмендеп келеді. Бұл қабылданып жатқан шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді.

Бұған дейін Қазақстанда аусыл бойынша эпидемиологиялық жағдай қандай екеніне Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жауап берген еді.