Қазақстанда әр үшінші түлек мамандығы бойынша жұмыс істемейді
Мәжілісте жоғары білім жүйесіндегі төрт негізгі проблема аталды.
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер көтерілді. Депутаттар еңбек нарығына сай келмейтін кадр даярлау, демографиялық қысым және инженерлік мамандықтарға қызығушылықтың төмендігіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс төрағасының орынбасары, депутат Дәния Еспаева жоғары білім беру жүйесінде бірқатар күрделі проблемалар сақталып отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, басты мәселенің бірі – еңбек нарығын ұзақ мерзімді болжау жүйесінің әлсіздігі.
Университет түлектерінің әрбір үшіншісі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сұраныс мемлекеттік білім беру тапсырысынан әлдеқайда жылдам өзгеруде, – деді депутат.
Соның салдарынан бірқатар мамандық бойынша артық кадр даярланып, ал кейбір салаларда керісінше тапшылық қалыптасып отыр. Бұл жоғары білім беру жүйесінің еңбек нарығындағы өзгерістерге ілесе алмай отырғанын көрсетеді.
Екінші мәселе – демографиялық жүктеменің артуы. Болжамдарға сәйкес, 2040 жылға қарай талапкерлер саны екі есеге өсіп, 440 мыңнан асады. Бұл жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы мен оқытушылар құрамына қосымша салмақ түсіреді.
Үшінші мәселе – оқу бағдарламаларының жеткілікті деңгейде жаңартылмауы.
Оқытушылардың ойлау жүйесін өзгертіп, заманауи технологиялар мен әдістерді меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану – басты міндеттердің бірі, – деді Еспаева.
Сондай-ақ депутат жастардың инженерлік мамандықтарға қызығушылығы төмен екенін атап өтті. Оның айтуынша, талапкерлердің бір бөлігі грант алу үшін ғана оқуға түсіп, болашағын бұл саламен байланыстырмайды.
Нәтижесінде бөлінген ресурстар сұранысқа ие инженерлік кадрларды қалыптастыруға толық ықпал етпей отыр.
Депутат кадр даярлау саласына жүргізілген аудит бірқатар жүйелік проблемаларды анықтағанын айтып, бұл мәселелер бойынша Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата өкілдері қосымша баяндама жасайтынын жеткізді.
Бұған дейін грантта оқығандардың көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні айтылған еді.