Қазақстанда апорт бақтарының алаңы 2027 жылға қарай 110 гектарға дейін ұлғайтылады
Апорт сұрпын кең ауқымда қайта жаңғыртуға қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеулері негіз болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Президенті Іс басқармасымен бірлесіп, әйгілі қазақстандық Апорт алма бақтарын қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруда.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін осы бірегей сұрыптың жаңа екпелерінің аумағы тағы 100 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 110 гектарға жетпек.
Апорт сұрпын кең ауқымда қайта жаңғыртуға қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеулері негіз болды.
2006–2011 жылдар аралығында Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантині ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, Сиверс алмасы мен Апорт сұрпын зерттеу бойынша экспедициялық жұмыстар жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағындағы жабайы алма ағаштарының популяцияларынан 30 түрлі үлгі жиналды, - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Іріктеліп алынған Апорт клондарынан зертханалық (in vitro) жағдайда вирустық аурулардан таза көшеттер алынды.
Молекулалық талдау негізінде ғалымдар ДНҚ-профильдері сәйкес келетін 11 сұрып-телітуші комбинациясын анықтап, көшеттер өсірді.
Осы көшеттерден 2015 жылы Помологиялық бақта 5 гектар аумақта тәжірибелік бақ отырғызылды. Бұл бақ 2022 жылы алғашқы өнімін берді. Аталған кезеңдегі маңызды жетістіктердің бірі – ДНҚ талдауы арқылы Сиверс алмасының бактериялық күйік пен қотыр ауруына табиғи төзімділік гендері бар ерекше формаларын анықтау болды. 2025 жылы Институттың Талғар өңірлік филиалында 10 гектар аумақта жаңа бақ отырғызылды. Қазіргі уақытта мамандар алдағы 100 гектар жерге алма ағаштарын отырғызуға қажетті сапалы көшет материалдарын дайындап жатыр, - деді министрлік өкілдері.
Қазақстандық алманың мәртебесі мен бірегейлігі халықаралық деңгейде де мойындалуда.
«Апорт» бренді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) беделді «Бір мемлекет – бір басым дақыл» халықаралық бастамасы аясында Қазақстанның басым дақылы ретінде ресми түрде ұсынылды, - деп атап өтті ведомстводан.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға Нидерландтан 7 мың тамырсабақ жеткізілгені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Алматылық апорт алмасын қайта жаңғырту жобасы басталды
Қазақстанда "Апорт" алмасының сортын қайта жаңғырту қолға алынды