Бүгiн 2026, 14:10 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда алименттің қайда жұмсалғанын бақылау күшеюі мүмкін

Мәжілісте алимент төлемдерінің қалай жұмсалатынын бақылауға қатысты жаңа механизм енгізу мәселесі көтерілді.

Депутаттар ата-аналар арасында жиілеген сұрақтарға жауап іздеп, алимент қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалауды заңнамалық деңгейде реттеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында талқыланды.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева алимент төлеушілер арасында қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын білгісі келетіндердің көбейгенін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір азаматтар мемлекет алиментті өндіріп алуды бақылағанымен, оның әрі қарай қалай пайдаланылатынына назар аудармайтынын айтып, наразылық білдіруде. Бұл жағдай қоғамда түсінбеушілік туғызып, әлеуметтік шиеленіс қаупін арттыруы мүмкін.

Өз кезегінде Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков бұл мәселенің өзекті екенін мойындап, оны шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі таңда алименттің жұмсалуына қатысты есепті сот арқылы талап етуге мүмкіндік бар. Алайда жаңа ұсыныстар аясында белгілі бір жағдайларда мұндай есепті сотқа жүгінбей-ақ алу мүмкіндігін қарастыратын тетік енгізу жоспарланып отыр.

Вице-министрдің айтуынша, бастама әсіресе жоғары мөлшерде алимент төлейтін азаматтарға қатысты болуы мүмкін. Яғни төлем көлемі айтарлықтай жоғары болған жағдайда, қаражаттың бала мүддесіне жұмсалуына қатысты ашық есеп беру жүйесін енгізу ұсынылуда.

Қазіргі таңда бұл бағыттағы ұсыныстар жұмыс деңгейінде қаралып жатыр. Егер қолдау тапса, алимент төлемдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған жаңа нормалар заңнамаға енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте «Қазақстан халық партиясы» фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов елдегі алимент бойынша берешектің айтарлықтай өскенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Қазақстанда алимент қарызы 18 млрд теңгеге жеткен.