Қазақстанда алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді
Еліміз мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайды.
Қазақстан әлемдік спорт күнтізбесіндегі ең беделді жарыстардың тағы бірін қабылдамақ. 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты алғаш рет елімізде өтетін болды.
Беделді халықаралық дода 2027 жылдың 9-14 ақпан күндері өтеді. Қазақстан астанасына Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мен Мұхит аралдары елдерінен әлемнің ең үздік спортшылары жиналып, маусымның маңызды жарыстарының бірінде бақ сынайды.
Алдағы Төрт құрлық чемпионаты Қазақстан тарихындағы осы спорт түрі бойынша өтетін ең ауқымды халықаралық жарыс болмақ. Бұған дейін елімізде 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы қысқы Универсиада аясында мәнерлеп сырғанау жарыстары ұйымдастырылғанымен, дәл осындай деңгейдегі чемпионат алғаш рет өткізілмек.
Халықаралық конькишілер одағының (ISU) президенті Чжэ Ёль Ким Қазақстанда мұндай жарысты өткізу Орталық Азия жанкүйерлеріне әлемдік деңгейдегі спортшылардың өнерін өз көздерімен көруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Біз мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын алғаш рет Қазақстанда өткізетінімізге қуаныштымыз. Бұл – Орталық Азия жанкүйерлері үшін әлемдік деңгейдегі жарысты тамашалап, өз кумирлерінің өнерін жақыннан көруге берілген тамаша мүмкіндік. Қазақстанда мәнерлеп сырғанауға деген қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді. Астана спортшылар, жанкүйерлер және барлық қатысушы үшін жоғары деңгейдегі алаң болатынына сенімдіміз, – деді Чжэ Ёль Ким.
Айта кетейік, мәнерлеп сырғанаудан ересектер арасындағы жаңа маусым Францияның Анже қаласында 23-25 қазан аралығында өтетін Гран-при кезеңімен басталады.
Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров пен Надежда Морозова Олимпиада үшін мемлекеттік сыйлықтар алғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Михаил Шайдоров Франция мен Қытайдағы Гран-при кезеңдерінде өнер көрсетеді
Мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина әлем чемпионатын 12-орынмен аяқтады
Халықаралық конькишілер одағы қазақстандық төрешінің Олимпиада ойындарындағы жұмысына баға берді