Қазақстанда аэротакси іске қосылады: Бектенов жаңа тапсырма берді
Үкімет басшысыр маусым айының соңына дейін қалалық аэротакси қызметін іске қосуға және реттеуге қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырды.
Премьер-министр Олжас Бектенов маусым айының соңына дейін қалалық аэротакси қызметін іске қосуға және реттеуге қажетті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Көлік министрлігі нарықтағы үрдістер мен технологиялық өзгерістерді белсенді талдап, инфрақұрылым, сервис және техника мәселелерін тұрақты түрде жаңартып отыруы керек екенін айтты.
Премьер-министрдің айтуынша, Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA реттеуші органдары коммерциялық аэротаксилерді сертификаттау ережелерін әзірлеп қойған. Сондықтан Қазақстан да бұл бағыттағы жұмысты қолға алуы қажет.
Біз де аэротакси, дрондар және өзге де жаңа ұшу құрылғыларын іске қосуға дайын болуымыз керек. Көлік министрлігіне биылғы маусым айының соңына дейін қалалық әуе мобиль мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді ол Үкімет отырысында.
Айта кетейік, бұған дейін Алатауда әуе таксиі мен дрондар сынақтан өтіп жатқаны хабарланған еді.