12 Қараша 2026, 10:07 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда 729 адам әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартқан

2026 жылғы қазанда іске қосылған «Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисін осы уақытқа дейін 729 азамат пайдаланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктің мәліметінше, аталған азаматтар өздеріне тағайындалған әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту туралы өтініш берген. Ведомство мұны өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтардың саналы шешімі әрі әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі ретінде бағалайды.

Сервис әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алушыларға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, жекелеген қолдау түрлерінен бас тарту туралы электрондық өтініш беруге мүмкіндік береді. Ол eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді.

Министрлік әлеуметтік төлемдерден бас тарту азаматтың міндеті емес екенін атап өтті. Мұндай шешім тек ерікті түрде қабылданады. Сервис, ең алдымен, материалдық жағдайы жоғары, отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатын азаматтарға арналған.

Азаматтың өмірлік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік қолдауды қайта тағайындау туралы өтініш беруге құқығы сақталады. Мұндай өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

Ведомство 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің 12-сі бойынша мемлекеттік қолдау көрсету тетігі атаулылық қағидатына негізделетінін де хабарлады. Яғни көмек бірінші кезекте оған мұқтаж азаматтарға бағытталмақ.

Сонымен қатар министрлік азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды. Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тартуға өтінішті тек электрондық үкіметтің ресми платформалары арқылы беруге болады.

Айта кетейік, бұған дейін отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейтіні хабарланды. 

Сондай-ақ, отбасының әл-ауқатына қатысты цифрлық отбасы картасындағы C, D және E санаттары нені білдіретіні айтылды. 

Тағы оқи отырыңыз: eGov Mobile қосымшасындағы әл-ауқатты бағалау калькуляторы қалай жұмыс істейді?