18 Тамыз 2026, 14:11 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда 400 мыңнан астам бала материалдық және әлеуметтік көмекпен қамтылады

Мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Қазақстанда мұқтаж отбасылардан шыққан 400 мыңнан астам балаға материалдық және әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда. Ол үшін жергілікті бюджеттерден қаражат қарастырылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Ол үшін жергілікті бюджеттерде 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсетуді қамтуға арналған қаражат қаралған», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр өңір әкімдеріне көмектің атаулы болуын қамтамасыз етіп, әрбір нақты жағдай бойынша уақтылы шаралар қабылдауды тапсырды.

Үкімет басшысы мектептегі тамақ сапасына жеке тоқталды.

«Балалардың толыққанды дамуы мен табысты оқуының маңызды шарты – сапалы әрі теңгерімді мектеп тамағы», – деп атап өтті Бектенов.

Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктеріне өнімдердің сапасы мен мектеп асханаларындағы санитариялық нормалардың сақталуына тұрақты бақылау орнату тапсырылды.

Еске салсақ, бұған дейін Олжас Бектенов бірқатар өңірдегі мектептерді жөндеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алып, әкімдерге жаңа оқу жылына дейін жұмысты аяқтауды жеке бақылауға алуды тапсырды. 

Сондай-ақ, Бектенов жыл соңына дейін барлық мектептің камерасын ІІМ орталықтарына қосу керектігін айтты