Бүгiн 2026, 11:17 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

2032 жылға қарай тауарлық газ өндірісі 30%-ға жуық көбейеді

Өсім Қашаған мен Қарашығанақтағы газ өңдеу жобаларын іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі.

Қазақстанда 2032 жылға қарай тауарлық газ өндірісі 29,6%-ға артады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, болжамға сәйкес, тауарлық газ өндірісінің көлемі 2025 жылғы 27,4 млрд текше метрден 2032 жылға қарай 35,5 млрд текше метрге дейін өседі. Бұл – 2025 жылғы нақты көрсеткіштен 29,6%-ға жоғары.

Болжамды көрсеткіштерге сәйкес, 2025 жылғы 27,4 млрд текше метрден 2032 жылы 35,5 млрд текше метрге дейін өсім күтіледі. Бұл 2025 жылғы нақты көлемнен 29,6%-ға артық, – деді Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзінше, мұндай өсім Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында газ өңдеу қуаттарын іске қосу арқылы тауарлық газ өндірісін ұлғайту жобаларының жүзеге асуымен қамтамасыз етіледі.

Министрдің мәліметінше, қосымша тауарлық газ көлемі 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен өндіріле бастайды:

  • 2027–2030 жылдары – 1,6 млрд текше метр;
  • 2031 жылы – 2,3 млрд текше метр;
  • 2032 жылы – 6,6 млрд текше метр.

Айта кетейік, бұған дейін «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жаңа газ кен орындары ашылуы мүмкін екені айтылды