21 Тамыз 2026, 16:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда 170 сайлау учаскесі таңғы сағат 6-да ашылады

Қазақстанда сайлау күні 170 сайлау учаскесі стандартты уақыттан ерте, таңғы сағат 6:00-де жұмысын бастайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, ерте ашылатын учаскелердің басым бөлігі азаматтардың уақытша болатын орындарында орналасқан.

Қазақстан бойынша 170 сайлау учаскесі таңғы сағат 6:00-де ашылады. Бұл негізінен азаматтар уақытша болатын орындарда орналасқан сайлау учаскелері, – деді Ләззат Сүйіндік.

Сонымен қатар брифинг барысында шетелдегі сайлау учаскелеріне қатысты да ақпарат айтылды. Берілген мәліметке сәйкес, шетелде 79 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Алайда олардың нақты қай елдерде стандартты уақыттан ерте ашылатыны туралы ақпарат қосымша ұсынылатыны айтылды.

Еске салсақ, бұған дейін Ләззат Сүйіндік Сайлау күні толтырылған бюллетеньді фотоға түсіруге тыйым салынатынын мәлімдеді.