19 Қараша 2026, 12:29 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан туристерден қанша табыс тапты? Нақты сома белгілі болды

Қазақстанда туризм саласының негізгі көрсеткіштері өсіп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 миллионға жуық адамға қызмет көрсетілсе, шетелдік туристер елде 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Ал биылғы тоғыз айда туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға артты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның туристік әлеуетін толық ашу және қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – саланың негізгі міндеттерінің бірі. Қазір туризм бағытындағы негізгі көрсеткіштерде оң өсім байқалып отыр.

Салада оң өсім сақталып отыр. Негізгі көрсеткіштер өсіп, туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі артып келеді, – деді Ербол Мырзабосынов.

Туристер саны 5 пайызға артты

Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілген. Оның 4 млн 129 мыңы – ішкі туристер, 642 мыңы – шетелдік қонақтар.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға көп. Ал көрсетілген қызмет көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 млрд теңгеге жетті.

Туризмнен түскен салық 303 млрд теңгеге жетті

Бүгінде туризм саласында 565 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 6%-ын құрайды.

Саладан түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жеткен. Туризмнің жалпы салық түсімдеріндегі үлесі 2,1%-ды құрады.

Сонымен қатар шетелдік туристер Қазақстанда 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Министр мұны шетелдік қонақтардың ел экономикасына қосатын үлесінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш ретінде атады.

Инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты

Туризм саласына инвестиция тарту көрсеткіштері де өскен. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгеге жетті.

Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға жоғары.

Айта кетейік, Қазақстан туризмді дамыту индексінде 110 елдің арасында 56-орынға жайғасты.