Энергетика министрлігі Ресейге жанармай жеткізу мәселесіне түсініктеме берді
Министрлік халықаралық келісімдер мен коммерциялық келісімшарттар тек елде бос ресурстық әлеует болған жағдайда ғана жасалатынын атап өтті.
Қазақстан Ресей Федерациясынан ресми өтініш түскен жағдайда жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, Ресей Үкіметінен автомобиль отынын сатып алу жөнінде ресми сұраныс түскен жағдайда, Қазақстан экспорт мәселесін қолданыстағы заңнама мен коммерциялық талаптар аясында қарастыруы мүмкін.
Сонымен қатар министрлік халықаралық келісімдер мен коммерциялық келісімшарттар тек елде бос ресурстық әлеует болған жағдайда ғана жасалатынын атап өтті.
Қазақстанның ішкі нарығын жанар-жағармаймен толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету – басты басымдық. Экспорттық жеткізілімдер азаматтар мен ел экономикасының қажеттіліктеріне қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін, – делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей тарапы ішкі нарықтағы жанармай тапшылығына байланысты Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна бензин импорттау мәселесін талқылап жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.
Сонымен қатар, бұған дейін Ресейдің отын тапшылығына байланысты Үндістаннан теңіз арқылы бензин жеткізе бастағанын жазғанбыз.