Бүгiн 2026, 11:43 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қазақстан Қытай мен Еуропада теміржол терминалдарын салады

Қазақстанның терминалдық желісі Шығыс–Батыс бағыты бойынша толық логистикалық байланысты қамтамасыз етеді.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда шетелде теміржол терминалдарын салу жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, халықаралық терминалдар желісін қалыптастыру – ел үшін маңызды бағыттардың бірі.

2028 жылға қарай жаңа терминалдарды дамыту нәтижесінде олардың өңдеу мүмкіндігі жылына 2 млн-нан 2,7 млн контейнерге дейін артады. Алдағы уақытта Батыс Еуропада, Қытайдың тағы басқа қалаларында және Әзербайжанда терминал салу пысықталуда, - деп атап өтті министр.

Белгілі болғандай, осылайша қазақстандық терминалдар желісі Шығыс-Батыс бағытында толық логистикалық байланысты қамтамасыз етеді.

Министр теміржол көлігі еліміздің көлік әлеуетін дамытуда маңызды каркас болып саналатынын ескертті. Сондай-ақ 3 жыл ішінде барлық айтылған жобалар аяқталатынына сендірді. Мәлімдеуінше, ол Қазақстанның Евразия кеңістігіндегі көлік хабы ретіндегі орнын нығайта түседі.

Еске салайық, бұған дейін министр ақылы жолдар табысы бір жылда 33 миллиард теңгеге арттыратынын айтқан болатын.