Қазақстан - Қытай дипломатиялық байланыс орнатқан 181 елдің бірі

Соңғы 10 жылда Қытай дипломатиялық қатынас орнатқан елдердің саны 172-ден 181-ге дейін өсті, деп хабарлады Baq.kz тілшісі.

Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрінің орынбасары Ма Чжаосюй ҚКП-ның ХХ съезі аясында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Қытай дипломатиясы соңғы 10 жылда революциялық прогреске қол жеткізді. Атап айтқанда, Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдер саны 172-ден 181-ге, Қытаймен әріптестік орнатқан елдер мен аймақтық ұйымдардың саны 41-ден 113-ке өсті, - деді Ма.

Оның сөзінше, Қытай жаңа дәуірдегі Қытай-Ресей жан-жақты серіктестік пен стратегиялық ынтымақтастықты ілгерілетіп жатқанын айтып, Қытай-АҚШ қарым-қатынастарын дамытудың үш принципін алға тартты. Атап айтқанда: өзара құрмет, бейбіт өмір сүру және ынтымақтастық. Сонымен қатар Қытай мен ЕО арасында бейбітшілік, даму, реформалар және өркениет жолында серіктестік орнатуды ұсынды.

Қытай сонымен қатар көрші елдердің стратегиялық қолдауын күшейтіп, басқа дамушы елдермен ынтымақтастықты одан әрі дамытып, нығайтып жатыр. Қытай жаһандық басқаруға қосылып, көпжақтылықты қорғайтын бекініске айналып жатыр, - деді ол.

Ма Қытай «Тайвань тәуелсіздігі» деген сепаратистік әрекеттерге және сыртқы державалардың араласуына қарсы, біртұтас Қытай туралы халықаралық консенсусты одан әрі нығайтуға тырысатынын атап өтті.

«Бір ел, екі жүйе» қағидасын берік жүзеге асырып, Гонконгтағы ұлттық қауіпсіздік заңының орындалуына көмектесу арқылы Қытай АҚШ-тың қисынсыз санкцияларына ашық түрде қарсылық көрсетеді. Тәуелсіз және бейбіт дипломатия саясатын берік ұстанамыз және кез келген нысандағы гегемонизм әрекеттеріне қарсымыз, - деп айтты Ма Чжаосюй брифингте.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Қытайдың ұлттық егемендік, аумақтық тұтастық пен Қытай ұлтының негізгі мүдделерін қорғаудағы табандылығының мызғымас екенін қоса кетті.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. Қытай басшысы Си Цзиньпин пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын биылғы 14 қыркүйекте Қазақстанға жасаған болатын. Осы кездесуде екі ел басшылары көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылап, бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Синьхуа агенттігі
Өзгелердің жаңалығы