Кеше 2026, 23:24 Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстан құрамасы U20 Азия чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды

Бүгін де балуандарымыз ел қоржынына екі күміс, бір қола медаль салды.

Таиландтың Паттайя қаласында өтіп жатқан күрестен 20 жасқа дейінгі (U20) Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы үш медальмен толықты.

Еркін күрестен 70 келіге дейінгі салмақта Сұңқар Сейдахмет финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде үндістандық Сумит Кумар Лаксман Бхараскарға есе жіберді. Нәтижесінде ол күміс медаль иеленді.

97 келіге дейінгі салмақта Самир Дурсунов та финалда Қытай балуаны Ян Юаньчуннен жеңіліп, чемпионатты күміс жүлдемен аяқтады.

Ал 79 келіге дейінгі салмақта Айбек Қалиахмет қола медаль үшін өткен белдесуде өзбекстандық Амирбек Урдушевті жеңіп, Қазақстан құрамасына қола жүлде сыйлады.

Бұған дейін жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінен сынға түскен қазақстандық балуандар екі күміс және бір қола медаль еншілегенін жазғанбыз.