24 Қыркүйек 2026, 17:50 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстан қалалары соңғы жеті жылда қалай өзгерді?

Қазақстанда ауқымды тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы жылдары қалалардың келбеті өзгеріп, тек жаңа баспаналар салынып қана қоймай, қажетті инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар аумақтар кешенді түрде дамуда.

Масштабты көрсеткіштер мен жетістіктер

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында 2023-2029 жылдарға арналған 111 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру межесі қойылған болатын. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіштің орындалуы 61,8%-ды құрайды.

Соңғы 7 жылда ел аумағында жалпы сомасы 118,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Тек 2025 жылдың өзінде 20,3 млн шаршы метр баспана берілді. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен (13,1 млн ш.м.) салыстырғанда 55%-ға артық.

Қалалардың даму қарқыны (жылдар бойынша динамика):

  • 2019 жыл – 13,1 млн ш.м.

  • 2020 жыл – 15,4 млн ш.м.

  • 2021 жыл – 16,9 млн ш.м.

  • 2022 жыл – 15,7 млн ш.м.

  • 2023 жыл – 17,8 млн ш.м.

  • 2024 жыл – 19,1 млн ш.м.

  • 2025 жыл – 20,3 млн ш.м.

Алдағы жоспарлар мен тұрғындарды қолдау

Қалалардың өсуі мен халықты баспанамен қамту жұмыстары ағымдағы жылы да жалғасуда.

2026 жылы жалпы саны 20,4 млн шаршы метр немесе шамамен 188 мың баспана пайдалануға беріледі деп жоспарланған (қаңтар–тамыз айларының өзінде 11,3 млн ш.м. немесе 105,9 мың баспана берілді).

Мемлекет есебінен 13 мың кредиттік және 13,6 мың жалға берілетін пәтер салып, сатып алу көзделген.

Азаматтарға «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы 175,1 млрд теңгеге 12,6 мың жеңілдікті қарыз беру қарастырылған. Сондай-ақ «Наурыз» бағдарламасы бойынша 355,2 млрд теңгеге 12,1 мың қарыз берілді.

Осылайша, мемлекеттік қолдау мен жүйелі құрылыстың арқасында қазақстандық қалалардың инфрақұрылымы жаңартылып, мыңдаған отбасы заманауи және жайлы баспанаға қол жеткізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы мен Астана әлемнің үздік 300 қаласының қатарына енді.