22 Қыркүйек 2026, 12:44 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ербол Бекболат

Қазақстан полициясына 20 мыңнан астам қызметкер жетіспейді

Қазақстанда патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар тапшы. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер министрдің орынбасарынан бюджетте күштік құрылымдарға, соның ішінде полиция қызметкерлерінің санын арттыруға қосымша қаражат қарастырылып жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме беруді сұрады.

Қазір патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар жетіспейтіні ешкімге құпия емес. Шамамен айтқанда, патрульдік полицияға кемінде тағы 10 мың қызметкер қажет. Өйткені олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен де, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен де айналысады, қала сыртындағы тасжолдарда да қызмет атқарады, – деді Лепеха.

Оның айтуынша, бірқатар мәселедегі кемшіліктер мен жұмыстағы олқылықтар осы кадр тапшылығымен байланысты болуы мүмкін.

Өздеріңіз көріп отырғандай, жаңа шағынаудандар, учаскелік полиция пункттері, жаңа елді мекендер мен мектептер үнемі ашылып жатыр. Осыны ескерсек, бізге учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар қажет. Бұл санаттағы қызметкерлердің барлығы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Қазір әкімдермен бірлесіп, бюджет мүмкіндігіне қарай, ең алдымен осы бөлімшелердегі қызметкерлер санын кезең-кезеңімен арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жергілікті әкімшілік полицияның өзіне 20 мыңнан астам қызметкер жетіспейді, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Тағы оқи отырыңыз: «Айыппұлды еселеп арттыру қажет»: Бектенов жол ережесін қасақана бұзатындарға шара қолдануды тапсырды