Бүгiн 2026, 12:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан өрт маусымына толық дайын ба?

Қазақстанда өрт қаупі жоғары кезеңге 7 мың адам мен 2,5 мыңнан астам техника жұмылдырылды.

Қазақстанда өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық жұмыстары аяқталды. Бұл жайлы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, табиғатты қорғау және орман мекемелері толық дайындыққа келтірілген. Өрттің алдын алу және оны сөндіру жұмыстарына шамамен 7 мың адам жұмылдырылады. Оның ішінде 4,2 мыңы – жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, ал 3,4 мыңы – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мамандары.

Орман және дала өрттеріне қарсы күреске 2,5 мыңнан астам техника тартылған. Атап айтқанда, 681 өрт сөндіру көлігі, 600 шағын орман өртін сөндіру кешені, тіркеме жабдығы бар 1200-ден астам трактор және 77 мыңға жуық құрал-сайман дайындалған.

Сондай-ақ орман иеленушілер 1 мың тоннадан астам дизель отыны мен 892 тонна бензин қорын жасақтаған. Қазіргі таңда ел бойынша 327 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істеп тұр.

Мәліметтер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Бұған дейін Қазгидромет "бірнеше өңірде өрт қаупі шарықтады" деп ескерту жасаған еді.