Қазақстан өндірісті дамытуға 1,3 млрд доллар тартпақ
Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жаңа форматқа көшіру жоспарланып отыр. Оларды жеке компаниялардың, соның ішінде шетелдік инвесторлардың басқаруына беру көзделуде. Ал инфрақұрылымды дамытуға Ислам даму банкінен 1,3 млрд доллар несие тарту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысында шешімін қажет ететін мәселелер бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен олардың қызметінің жаңа моделі әзірленген. Ол үш негізгі бағытты қамтиды.
Біріншісі – инфрақұрылымды алдын ала дайындау. Инвестор келгенге дейін қажетті инженерлік желілер мен өндірістік қуаттарды әзірлеу үшін жоспарлау және қаржыландыру тәсілдері қайта қаралып жатыр. Инфрақұрылымды қаржыландыру мақсатында Ислам даму банкінен 1,3 млрд доллар несие тарту мәселесі пысықталуда.
Екіншісі – басқару жүйесін өзгерту. Арнайы экономикалық аймақтарды жеке компаниялардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың басқаруына беру көзделіп отыр. Басқарушы компаниялар инвестиция тартуға, жобаларды сүйемелдеуге және кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге жауапты толыққанды даму операторларына айналуы тиіс.
Үшінші бағыт – жобаларды іріктеу сапасын арттыру. Енді жобалар өндірістік қуаттардың теңгерімімен қатар, нарықтағы сұраныс, экспорттық әлеует және өндірістік кооперация мүмкіндіктері ескеріле отырып іріктеледі.
Отандық өнімге сұраныс қалай арттырылады?
Министр отандық өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың сатып алуында қазақстандық өнімге басымдық беру екенін атап өтті.
Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мұндай сатып алудың 7,5 трлн теңгесі қазақстандық жеткізушілердің үлесіне тиген. Алайда тауар сатып алудағы отандық өнімнің үлесі әзірге 33 пайыз шамасында.
Қазір мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізіміне елімізде өндірілетін 5 мыңнан астам тауар енгізілген. Өткен жылы отандық кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар саны 169 мыңға жуықтаған.
Осындай қолдау «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуында да қарастырылған. Бұдан бөлек, қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялардың сатып алу жүйесі жетілдіріліп, TIZILIM электрондық сатып алу алаңы жаңартылған.
Офтейк-келісімшарттар арқылы 104 жобаға келісім жасалған
Отандық өндірісті дамытудың тағы бір тетігі – офтейк-келісімшарттар. Бұл жағдайда тапсырыс беруші өнімді алдын ала сатып алуға кепілдік береді, ал өндіруші жаңа өндіріс ашуға немесе қолданыстағы кәсіпорнын кеңейтуге міндеттеме алады.
Осы тетік арқасында 2023 жылдан бері қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялармен 800 миллиардқа жуық сомаға 104 офтейк-келісімшарт жасалды. Мұнай-газ саласында 3 миллиард теңгеге 109 офтейк-келісімшарт жасалған, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндіріс ашу бағдарламасы аясында 657 млрд теңгеге 1 400-ден астам офтейк-келісімшарт жасалған.
Министрдің мәліметінше, осы жобаларға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
Мысалы, KSP Steel компаниясы 765 млрд теңгеге мұнай-газ саласына қажетті құбыр өндірісін іске қосқан. Asia Trafo компаниясы 40 млрд теңгеге энергетика саласына қажетті трансформаторлар мен реакторлар шығаратын өндіріс құрған. Сондай-ақ тау-кен металлургия саласына қажетті ковштар, роликті тіректер, қысым датчиктері, коммутаторлар мен радиостанциялар шығару жобалары жүзеге асырылған.
Құрылыс саласында отандық материалдарды пайдалану бақыланады
Отандық өнімге сұранысты арттырудың тағы бір бағыты – Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы. Оның аясында жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 705 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобаларға қажетті тауарларды сатып алу кезінде қазақстандық өнімге басымдық беріледі.
Осы мақсатта барлық тапсырыс МЭКС электрондық платформасы арқылы бақыланады. Қазір платформада 3 мыңға жуық тапсырыс жасалып, оған 200-ден астам отандық өндіруші қатысып отыр.
Енді осындай тәсіл құрылыс саласына да енгізілмек. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау аясында жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде отандық құрылыс материалдарының қолданылуын бақылау шаралары көзделген.
Құрылыс жобаларында отандық материалдарды барынша кеңінен қолдану және оларды импорттық өнімдермен негізсіз алмастыруға жол бермеу үшін шаралар қабылданады. Осы мақсатта Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпарат құрылыстың барлық кезеңінде ескерілетін болады, – деді министр.
Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізіліміне 2,7 мыңнан астам кәсіпорын енгізілген
Отандық өндірісті қолдау шараларын нақты бағыттау үшін Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі енгізілген. Онда кәсіпорынның қандай өнім шығаратыны және оны қалай өндіретіні тексеріледі.
Бүгінде тізілімде 2,7 мыңнан астам өндіруші бар. Олар 84 мыңға жуық тауар түрін шығарады.
Алдағы уақытта өндірісте отандық тауарларды пайдалану мен қызмет көрсетуге қойылатын талаптар күшейтіледі. Сонымен қатар өндіріс туралы ақпарат жасанды интеллект арқылы талданып, кәсіпорындардың өндірістік қуатын көрсететін цифрлық панель құрылады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп өндірісі екі есе артады: Нағаспаев бес жылдық жоспарды таныстырды