Қазақстан мұнайдан бөлек, есептеу қуатын да экспорттай ала ма? NVIDIA басшысының сапары нені білдіреді?
Қазақстан жасанды интеллект саласында тек технологияларды тұтынушы емес, халықаралық нарыққа есептеу қуаты мен цифрлық қызметтер ұсынатын елге айнала ала ма? Freedom Cloud басшысы Темірлан Зиналабдиннің пікірінше, еліміздің бұл бағытта әлеуеті бар. Алайда ол үшін энергетикалық мүмкіндіктерді дамыған цифрлық инфрақұрылыммен және білікті мамандармен ұштастыру қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
NVIDIA бас директоры Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары елдің жасанды интеллект саласындағы амбициясына халықаралық назар аудартты. Темірлан Зиналабдиннің айтуынша, Хуанг өзі барған елдердің ішінде Қазақстанды президенті жасанды интеллект еліне айналу мақсатын ашық жариялаған алғашқы мемлекет ретінде атап өткен.
Қазақстанның артықшылығы неде?
Зиналабдиннің сөзінше, Қазақстанның мүмкіндігі табиғи ресурстарды экспорттаумен ғана шектелмеуі керек. Ел энергетикалық әлеуетін пайдаланып, әлемдік нарыққа есептеу қуатын ұсына алады. Бұл электр энергиясын өндіруді, деректер орталықтарын дамытуды және жасанды интеллект жүйелеріне қажетті инфрақұрылымды біртұтас бағыт ретінде қарастыруды талап етеді.
Дегенмен, AI-хаб құру үшін электр энергиясының болуы жеткіліксіз. Тұрақты әрі қолжетімді қуат көзі, заманауи деректер орталықтары, тиімді салқындату жүйелері, жоғары жылдамдықты байланыс, қажетті жабдықтар және инженерлік мамандар қажет. Сонымен қатар мұндай инфрақұрылымның қызметіне сұраныс болуы, халықаралық компаниялар мен зерттеу ұйымдарын тарту маңызды.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанға әлемдік технологиялық алпауыттармен инвестиция көлемі бойынша бәсекелесудің қажеті жоқ. Оның орнына ел географиялық орналасуын, энергетикалық және өндірістік әлеуетін, дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылымын тиімді пайдалана алады. Клиенттер үшін есептеу қызметінің бағасы ғана емес, оның тұрақтылығы, деректердің қауіпсіздігі және қызмет көрсету сапасы да маңызды.
Sovereign AI Hub жобасы не береді?
Қазақстанның осы бағыттағы бастамаларының бірі – Freedom мен NVIDIA қатысып жатқан Sovereign AI Hub жобасы. Жобаға қатысты жарияланған инвестиция көлемі – 2 млрд доллар. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанда есептеу қуатын қалыптастыру, шетелдік клиенттерге қызмет көрсету және жоғары өнімді есептеу технологиялары бойынша жергілікті құзыреттерді дамыту, - деді сарапшы.
Бұл бастама елде тек инфрақұрылым салумен шектелмейді. Жоғары өнімді есептеу жүйелерін басқару, желілерді дамыту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, жабдықтарды пайдалану және инженерлік қызмет көрсету бағыттарында мамандар даярлауға да мүмкіндік береді.
Сонымен бірге жергілікті есептеу инфрақұрылымы деректерді сақтау мен өңдеуге қатысты арнайы талаптары бар ұйымдар үшін маңызды болуы мүмкін. Әсіресе, сезімтал ақпаратпен жұмыс істейтін компаниялар мен маңызды жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет салалар үшін деректерді бақылау және оларға қолжетімділікті басқару мәселелері өзекті. Мұндай инфрақұрылым шетелдік бұлттық қызметтерді толығымен алмастырмай, оларды толықтыра алады.
AI-хаб экономикаға қандай пайда әкеледі?
Есептеу қуатын экспорттау Қазақстанға цифрлық қызметтер нарығына шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар деректер орталықтарын салу мен пайдалану энергетика, телекоммуникация, құрылыс және инженерия салаларына инвестиция тартуға ықпал етуі мүмкін. Жаңа инфрақұрылым жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға да жол ашады.
Жасанды интеллекттің экономикалық әсері тек технологиялық секторда байқалмайды. Оны өнеркәсіпте, логистикада, қаржы саласында және ауыл шаруашылығында қолдану өндіріс тиімділігін арттырып, жұмыс үдерістерін оңтайландыруға көмектеседі, - деді ол.
Темірлан Зиналабдиннің пікірінше, Қазақстанның жасанды интеллект елдеріне қосылу мүмкіндігі бар. Бірақ бұл мақсат халықаралық кездесулер мен мәлімдемелер арқылы ғана жүзеге аспайды. Нақты инфрақұрылымдық жобалар, технологиялық құзыреттер және экономикалық нәтиже қажет.
Айта кетейік, бұған дейін NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келетінін жазған едік.
Сондай-ақ, NVIDIA басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп, 1998 жылғы видеокартаға қолтаңбасын қалдырғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан мен NVIDIA: Жасанды интеллект және суперкомпьютерлер саласындағы ынтымақтастық нығая түсуде